Конституция жобасы кемел мемлекеттің құндылықтарын нығайта түседі
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қазақстан Республикасы Конституциясының кеше жарияланған жобасына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, құжат негізінде ұлттық құндылықтар, Ұлы Дала мемлекеттілігінің сабақтастығы, елдің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы нақты белгіленген.
«Бұл ережелер қоғам үшін де, кәсіпкерлік орта үшін де маңызды тұрақтылық пен болжамдылықтың негізін қалыптастырады», — деді спикер.
Ерқанат Мұсылманбек «Әділетті Қазақстан» құндылық бағдарларын және «Заң мен Тәртіп» қағидатын бекітудің маңызын атап өтті.
«Бизнес үшін бұл тең шарттар, меншік құқығын қорғау және мемлекеттік институттарға деген сенімді білдіреді. Заңдылық болмаған жерде тұрақты даму мен инвестициялық белсенділік мүмкін емес», — деді Палата директоры.
Ұлттық палата өкілі Конституцияда адами капитал, білім беру, ғылым мен инновацияларды дамыту стратегиялық бағыт ретінде бекітілгеніне назар аударды.
«Бұл еңбек нарығы, заманауи жұмыс орындарын құру және зияткерлік меншікті дамытумен тікелей байланысты», — деп атап өтті Ерқанат Мұсылманбек.
Спикердің пікірінше, Ата заңда басқару нысанын президенттік республика ретінде нақтылау және егемендік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықтың өзгермейтінін бекіту құқықтық айқындықты және мемлекеттік құрылымның ішкі логикасын күшейтеді.
«Конституция жобасы жауапкершілік, әділеттілік және елдің болашағына бағдарланған жаңа қоғамдық келісімді айшықтайды», — деп түйіндеді ол.