Атырау кәсіпкерлері мүлікті заңсыз алып қою тәуекелдері туралы дабыл қақты

05.02.2026
Атырау кәсіпкерлері мүлікті заңсыз алып қою тәуекелдері туралы дабыл қақты

2026 жылдың 5 ақпанында «Атамекен» ҰКП-ның Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен отырысында Атырау облысы кәсіпкерлерінің жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікке қатысты жеке меншік құқықтарының бұзылуына байланысты өтініштері қаралды.

Жер және азаматтық кодекстер, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілер жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті мемлекеттік қажеттіліктер үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару тек айрықша жағдайларда және өзге тәсілдерді қолдану мүмкін болмаған кезде ғана жол берілетінін нақты бекітеді.

«Заңда жеке меншікті коммерциялық мақсатта не мемлекеттік функциялар мен қоғамдық маңызы бар міндеттерден туындамайтын жағдайда мемлекеттік қажеттіліктер үшін алып қоюға жол берілмейтіні нақты көрсетілген», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары С.К.Жолдыбаев.

Аталған құқықтық кепілдіктерге қарамастан, Атырау қаласының әкімдігі жеке кәсіпкер «Щербаков В.К.»-ға тиесілі және кәсіпкер Фролов И.А.-ға тиесілі жер учаскелерін мемлекеттік қажеттіліктер үшін алып қою туралы қаулылар шығарған.

Жергілікті атқарушы органның кәсіпкерлерден жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті алып қою жөніндегі шешімдері мемлекеттік қажеттіліктің бар екені жөнінде алдын ала түсіндірмесіз әрі иеліктен шығарудың балама жолдарын қарастырмастан қабылданған. Бұл меншік иелерінің қатаң қарсылығын тудырды.

Изображение

Айта кетерлігі, жер учаскелерін мемлекеттік қажеттіліктер үшін алып қою туралы шешімдер өзге жеке құрылымдардың аталған мүлікті сатып алу әрекеттері сәтсіз аяқталғаннан кейін бірден қабылданған. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары мен мүдделі коммерциялық ұйымдардың келісілген іс-қимылы ИП «Щербаков В.К.» мен Фролов И.А.-да алып қою тетігінің коммерциялық мақсатта қолданылуы мүмкін деген негізді күдік туғызды. Мұндай әрекеттерге қолданыстағы заңнамада тікелей тыйым салынған.

Сонымен қатар, Атырау қаласы әкімдігінің жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулылары жер және азаматтық заңнаманың нормаларына қайшы келеді.

Мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдері мемлекеттік қажеттіліктің бар екенін растайтын бекітілген құжаттарсыз басталған. Олардың қатарына құрылыс жобалары мен егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттары, техникалық тапсырмалар, Бас жоспардан алынған сызбалар және жер заңнамасының талаптарына сәйкес міндетті өзге де қала құрылысы құжаттары жатады.

«Әкімдіктің мұндай әрекеттері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға әкімшілік кедергілер қалыптастырады, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына жағдай жасайды және тауар нарықтарында адал бәсекені шектейді. Бұл бизнес қауымдастықтың мемлекеттік билік институттарына және заң үстемдігі қағидатына деген сенімін әлсіретеді», – деп қорытындылады Қ.Сүлейменов.

Изображение

Талқылау қорытындысы бойынша Атырау облысының Әкімдігі мен Прокуратурасына Атырау қаласы әкімдігінің Фролов И.А. және Щербакова В.К.-дан жер учаскелерін алып қою туралы қаулыларының заңдылығы мен негізділігін тексеру ұсынылды.

Сондай-ақ Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне Атырау қаласы әкімдігінде жер заңнамасын қолдану кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу тапсырылды.       

Кеңес отырысының ұсынымдары мен материалдары Бас прокуратураға жолданады.