СҚО-да бюджеттік құрылысты қаржыландыру үш есе артты
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов құрылыс саласының өкілдерімен кездесті. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен құрылыс салалық кеңес отырысында тараптар ағымдағы жылға арналған жоспарларды талқылады.
2026 жылы да негізгі екпін бюджеттік құрылысқа түспек. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бұл бағытты қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өскен. Жиынға қатысушыларды ең алдымен биылғы жоспарлар қызықтырғандықтан, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайрола Ғалеев толық ақпарат берді. Ол биыл облыс пен аудандарда тұрғын үй салуға 9,5 млрд теңге мақұлданғанын мәлімдеді.
«Жақын арада Ғ. Мүсірепов, Шал ақын, Уәлиханов және Аққайың аудандарында үй салу бойынша конкурстар жариялануы тиіс. Петропавл қаласында да жұмыс жалғасады, соның ішінде «Қопай» шағын ауданының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінеді», — деді Қайрола Ғалеев.
Нұрлан Кеңесов билік бұдан былай «нүктелі» салудан бас тартып, кешенді құрылысқа көшетінін қадап айтты.
«Осы өңірге келгелі бері мені бір сұрақ мазалайды: еліміздің ең суық қалаларының бірінде неге біз паркингі жоқ үйлер саламыз? Біз бұл тәжірибеден арыламыз. Ендігі кезекте коммерциялық нысандары мен міндетті түрде жерүсті немесе жерасты паркингі бар кешенді жобаларға басымдық беріледі. Тұрғын үй сапасын арттыру үшін ірі компанияларды нарыққа тарту бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті әкім орынбасары.
Сондай-ақ, әкімдік заңсыз немесе даулы деп танылған «нүктелі» құрылыс учаскелерін қайтарып алған. Екі жағдайда құрылыс салушылармен келісім жасалып, оларға бос жатқан аумақтардан баламалы жер телімдері берілді.
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Сәкен Өтебаев Петропавл бойынша нақты жобаларды атады.
«Байболов көшесінде 117 пәтерлік екі үйдің жобасы сараптамаға жіберілді. 72 пәтерлік үй жобалау сатысында. «Оңтүстік» және «Бірлік» шағын аудандарында қазандық салу мәселесі қарастырылуда», - деді Сәкен Өтебаев.
«Бірлік» шағын ауданында көппәтерлі үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтереді деп жоспарланған. Алайда, бұл аудандардағы басты кедергі - ЖЭО қуаттылығының тапшылығы. Сондықтан қазір жеке қазандықтар мен кәріз жүйелері жобалануда. Нұрлан Кеңесов қалалық құрылыс бөлімінің жұмысын сынға алып, инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетпесе, көпқабатты үйлердің құрылысы тағы төрт жылға кешеуілдеуі мүмкін екенін ескертті.
Билік жергілікті компаниялармен, әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз топтары (ХӘӘТ) үшін баспана салу бағытында әріптестік орнатуға дайын. Жыл сайын қалаға осы санаттағылар үшін кемінде 100 пәтер қажет. Сатып алу бағасы - 4-ші санатты тұрғын үйдің шаршы метріне 345 мың теңге.
«Егер бюджеттік құрылыспен айналысуға ниеттеріңіз болса, біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Иә, бұл 4-ші санат, қарапайым әрлеу жұмыстары, бірақ есесіне әкімдік секілді сенімді, «темірдей» сатып алушыңыз болады», - деді Қайрола Ғалеев.
Облыстық Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Әлім Шүкенов тендер өткізілгенімен, алаңдардың дайын болмау проблемасын көтерді. Мысалы, Назарбаев көшесіндегі 180 пәтерлік үйдің құрылысы апатты жағдайдағы жекеменшік үйдің бұзылмауына байланысты тоқтап тұр.
Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Ол жеке үй иелері негізсіз жоғары құн сұрап, қаланың дамуын тежеген жағдайда, билік заң аясында «тісін көрсетуі» тиіс екенін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша мұндай кездесулерді ай сайын немесе тоқсан сайын тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданды.