«Атамекен» ҰКП мемлекет пен бизнес мүдделері тоғысқан маңызды алаңға айналды
Бүгін Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен кеңес өтті. Жиынға мұнай-газ және энергетика салаларының, тау-кен және металлургия өнеркәсібінің, агроөнеркәсіп кешенінің бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен еліміздің барлық өңірінен сарапшылар қатысты. Күн тәртібінде салық реформалары, бизнесті қолдау, ақпараттық жүйелерді цифрландыру және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.
«Атамекен» ҰКП-ның рөлі және кеңестің маңызы
Кеңесті ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП мемлекет пен бизнес арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты қамтамасыз ететін негізгі көпір қызметін атқарады.
«Біз бүгін сіздермен еліміз үшін өте маңызды, тарихи маңызы бар сәтте кездесіп отырмыз. Жарты жыл бойы қоғамда конституциялық реформаны белсенді талқылау жүріп жатыр. Ашық дискуссиялар болып жатыр. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсуде және олардың барлығы терең зерделеніп, ескеріліп жатыр. Бұл – еліміздегі демократиялық процестердің айқын дәлелі. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы халыққа ұсынылды, басты мақсат – егемендігімізді, Тәуелсіздікті нығайту. Барлығыңызды Президентімізді және жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын», – деді Олжас Бектенов.
Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының Заң және Тәртіп жаппай үстемдік құрған Әділетті Қазақстанды құру туралы бағдары кәсіпкерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеп, адал еңбек, кәсіпке деген құрмет, елге жанашыр болу сияқты құндылықтардың маңызын арттыра түседі. Әділдік пен заңдылық қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту сенім мен ұзақмерзімді әріптестік орта қалыптастырады.

Өз тарапынан «Атамекен» ҰКП конституциялық реформаны түсіндіру жұмысына белсенді қатысып келеді. Басқарма мүшелері мен өңірлік палаталар, әсіресе ШОБ тығыз шоғырланған оңтүстік аймақтарда, еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және салалық бірлестіктермен кездесулер өткізіп, реформалардың мәні, мақсаттары мен міндеттері жөнінде ашық диалог жүргізуде.
Мемлекет пен бизнес арасындағы іс-қимылды күшейту
ҰКП Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев Палатаның Үкіметпен толыққанды әріптестік орнату бағытындағы жүйелі жұмысын атап өтті. Жиында реттеуді жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды бірлесе пысықтау мәселесіне басымдық берілді. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық әсері есептелген, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік бюджетке ықпалы бағаланған нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылды.
«Біз мәселелерді анықтаумен ғана шектелмей, олардың нақты шешімдерін табуға дайынбыз. Мемлекет пен бизнес бір арнада әрекет етуі қажет», – деді Шарлапаев.

Сондай-ақ ол қазақстандық тауар өндірушілер реестрі бойынша ашық диалог пен жекеменшік білім беру секторында ашық тетіктерді енгізуді табысты бағыттар ретінде атады. Стратегиялық мәселелерді Отандық кәсіпкерлер кеңесі алаңында қарау орынды, мұнда ҰКП нақты есептер мен сараптамалық қорытындыларға сүйенген ұсыныстар әзірлейді және тапсырмалардың орындалуын бақылайды.
«Өзара іс-қимылдың айқын архитектурасы болғанда ғана реттеуші кедергілерді нақты жоюға мүмкіндік туады. Мақсат – ҰКП арқылы бизнестің мемлекетпен тікелей диалог орнатуына жағдай жасау», – деп атап өтті Палата басшысы.
Ол салалық қауымдастықтармен жұмысты күшейту, өңірлік палаталардың кадрлық әлеуетін нығайту арқылы билік пен бизнес арасындағы сындарлы диалогты тереңдету жоспарларын да айтты.
Сонымен қатар, ол атқарылған жұмыстың нақты нәтижелерін атап өтті. Солардың қатарында қазақстандық тауар өндірушілер реестрі бойынша ашық диалог орнату және жекеменшік білім беру саласында айқын тетіктерді енгізу бар. Оның айтуынша, стратегиялық мәселелерді Отандық кәсіпкерлер кеңесі алаңында қараған жөн. Бұл ретте ҰКП нақты есептер мен сараптамалық қорытындыларға сүйенген ұсыныстарды әзірлеп, қабылданған тапсырмалардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.
«Өзара іс-қимылдың нақты әрі жүйелі құрылымы болған жағдайда ғана тұрақты кедергілерді шынайы жоюға болады. Басты мақсат – ҰКП арқылы бизнестің мемлекетпен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік жасау», – деп атап өтті Атамекен басшысы.
Сондай-ақ ол ашықтық пен өкілділікті арттыру үшін салалық қауымдастықтармен жұмысты күшейту, өңірлік палаталардың кадрлық әлеуетін нығайту арқылы олардың бизнес пен мемлекеттік органдармен сындарлы диалог құруына жағдай жасалатынын жеткізді.
Салық реформалары және бизнесті қолдау
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бір мезгілде 250 мыңға дейін салық төлеушіге қызмет көрсету мүмкіндігі бар Жобалық кеңсенің жұмысы туралы баяндады. Жұмыс өтініштерді жедел қараумен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша құрылған. Соңғы үш аптада сұраныстар ағынының 19,5 мыңнан 7,1 мыңға дейін төмендеуі байқалады, бұл техникалық процестердің тұрақтанғанын көрсетеді. «Халық бухгалтері» акциясына 17 мыңнан астам салық төлеуші қатысты. Сондай-ақ салық жүйесінде азаматтар мен бизнесті тіркеудің өсуі байқалғаны атап өтілді. Жылдың басынан бері 41,2 мыңнан астам адам қайтадан есепке алынды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа режим бұрын есепке алынбаған 187,2 мыңнан астам адамды заңды ортаға шығарды.

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексінің негізгі қырларын атап өтіп, заңнаманың ұзақмерзімді болжамдылығы мен өтпелі кезеңде микро және шағын бизнеске түсетін жүктемені азайтудың маңызын айтты. Оның дерегінше, жалпы салық режиміндегі компаниялармен жұмыс істейтін ШОБ субъектілерінің 61%-ы арнайы салық режиміне қатысушылармен операцияларға тәуелді. Шегерімдерді шектеу 36% бизнестің жабылуына және 14%-ының жалпы режимге көшуіне әкелуі мүмкін.
Медициналық саладағы салық салуға да ерекше назар аударылды. ҚҚС-тың бірнеше мөлшерлемесін (5%, 16% және босату) қолдану әкімшілендіруді қиындатып, қателік тәуекелін арттырады. Осыған байланысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға 5% бірыңғай төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесін енгізіп, оны ККТМК/МӘМС тарифтеріне міндетті түрде қосу, ал медициналық қызметтерді босату ұсынылды. Бұл өнімдердің қолжетімділігін сақтап, пациенттер мен өндірушілерге түсетін салық жүктемесін азайтады.

Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев реестрді қалыптастыру барысы жөнінде баяндады. Қазір 5 608 компания авторизациядан өткен, 13 533 өтінім берілген.
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов 1 924 қолданыстағы индустриялық сертификат иесі автоматты түрде реестрге енгізілгенін, күн сайын 100-ге дейін өндіруші қосылып жатқанын айтты. Бұл цифрлық жүйеге кедергісіз көшуге мүмкіндік береді. Бизнес қауымдастығы өндірістік цикл деңгейі мен ауқымына қарай кәсіпорындарды санаттау, мемлекеттік қолдау мен тапсырысты жергіліктендіру деңгейі мен инвестицияға байлау, сондай-ақ өнімді цифрлық бақылау жөнінде ұсыныстар білдірді.
Қорытынды
Премьер-министр Олжас Бектенов «Атамекен» ҰКП ұсынған бастамалар мен ұсыныстар қолдау тапқанын атап өтті. Бұл Палатаның бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді байланыс арнасы ретіндегі рөлін айқын көрсетеді. ҰКП кәсіпкерлер өз мәселелерін жеткізетін, қолдау алатын және жүйелі міндеттерді жедел шешетін негізгі алаңға айналды. Мұндай тәсіл шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге, реттеудің тиімділігін арттыруға, бизнестің дамуына тұрақты орта қалыптастыруға, нақты секторды қолдауға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.