Қарағандыда базарларды жаңғырту стратегиясы мен бизнесті қаржылай қолдаудың жаңа тетіктері талқыланды

06.02.2026
Қарағандыда базарларды жаңғырту стратегиясы мен бизнесті қаржылай қолдаудың жаңа тетіктері талқыланды


Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірдегі базарларды заманауи сауда форматтарына көшіру мәселесіне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға әмбебап және мамандандырылған сауда алаңдарының басшылары, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты.

Негізгі түсіндірулерді Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев жүргізді. Департамент басшысы сауда қызметін реттеу туралы заң нормаларына жан-жақты тоқталып, базарларды кезең-кезеңімен жабық павильондарға көшіру мен сауда үдерістерін автоматтандырудың міндетті екеніне назар аударды.

«Базарларды жаңғырту — бұл тек заң талабы ғана емес, ашық әрі қауіпсіз сауда ортасын қалыптастыру үшін қажет стратегиялық қадам. Біз нысан иелерінен жабық павильондарға көшу кестесін қатаң сақтауды және автоматтандыруды енгізуді талап етеміз. Әрбір басшы өз қызметін белгіленген талаптарға сәйкестендіру үшін жеке жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ортақ мақсатымыз — тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету, ал бизнеске заңды әрі түсінікті жұмыс жағдайын жасау», — деді Абзал Рахымбаев.

Кездесу барысында базарларды қайта жаңарту айтарлықтай қаржылық шығындарды талап ететіндіктен, мәселенің қаржылық қырына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты «Даму» қорының өкілдері мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін таныстырды. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда кепілдендіру бағдарламалары ұсынылды. Бұл қолдау құралдары сауда нысандарын жаңарту кезінде бизнестің қаржылық жүктемесін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев ұйымның мемлекет пен жеке сектор арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Палата базар иелеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, жаңғырту үдерісінің жоспарлы әрі тиімді жүзеге асуына мүдделі.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдерінен нақты түсіндірмелер алды, сондай-ақ саланың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.