Қарағанды облысында 2026 жылға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын дамытудың басымдықтары айқындалды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында АӨК жобаларын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске асыруға арналған семинар өтті.
Жиын модераторы — Өңірлік кәсіпкерлер палатасы (ӨКП) Шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова осы көктемде басталатын қаржыландырудың жаңа кезеңін талқылау үшін бір алаңда «Сарыарқа» ӘКК өкілдерін, Ауыл шаруашылығы басқармасын және бизнес-қоғамдастықтың басын қосты.
2,5 пайыздық мөлшерлеменің арқасында бұл бағдарлама қолдаудың негізгі құралы болып қала бермек. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ тәуекел-менеджері Әсет Ертісбаев қаражаттың игерілуіне қатысты егжей-тегжейлі статистиканы ұсынды.
«2023 жылы қаржыландыру көлемі 3,4 млрд теңгені құрады (464 қарыз берілді). 2025 жылы қолдау шараларына тағы 2 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте Қарқаралы ауданы (840,2 млн теңге), Ақтоғай ауданы (595,1 млн теңге) және Бұқар жырау ауданы (586,3 млн теңге) ерекше белсенділік танытты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне (АШК) салынған инвестицияның артқаны байқалады, олардың үлесіне 1,1 млрд теңгеден астам қаражат тиесілі», — деді Әсет Ертісбаев.
Қазіргі таңда құны 1,2 млрд теңге болатын жобалар қаралып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржыландырудың негізгі кезеңі 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған.
Жиын барысында Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Тоқмурзин АӨК саласындағы жобаларды субсидиялау және несиелеу мәселелеріне тоқталып, бағдарламаның қатаң талаптарын ескертті.
«Басымдықтар келесідей бөлінген: өнімді қайта өңдеу, ауылдық сервис және туризм. Соның ішінде моноқалалардағы бизнес үшін 177 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, нақты тыйымдар да бар: несиелер сауда-саттыққа, жеңіл автокөлік сатып алуға немесе жақын туыстардан мал сатып алуға мүлдем берілмейді. Маңызды шарт — сатып алынатын техника мен жабдықтар міндетті түрде жаңа болуы тиіс», — деп атап өтті Берік Тоқмурзин.
Талқылаудың негізгі бөлігі бизнестің өсуіне кедергі келтіретін түйткілдерге арналды. Кәсіпкерлердің айтуынша, қолданыстағы ережелер бойынша аффилиирленген тұлғаларда өтелмеген қарыздың болуы («жиынтықтау» мәселесі) табысты қожалықтарға жаңа несие алуға кедергі келтіреді. Ал кепіл мүлкі жетпейтін кәсіпкерлер үшін сарапшылар несие сомасының 85 пайызына дейін жаба алатын «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетіктерін еске салды.
Семинар қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы наурыз айында қосымша практикалық семинар өткізу туралы шешім қабылдады. Онда мамандар «қатемен жұмыс» жүргізіп, аграрлық сала өкілдеріне өтінімдерді мақұлдаудан өтетіндей етіп дайындауға көмектеседі.
«Біз әрбір жобаны құжат жинаудан бастап, комиссиядан өткенге дейін қолдап, „қолтығынан демейтін“ боламыз. Кеңес алу мүмкіндігі Палатаның барлық аудандық филиалдарында қолжетімді», — деп түйіндеді Меруерт Қасымова.