Гүлбану Майғарина «Атамекен» ҰКП Төралқасы ШОБ дамыту комитетін басқарады
ҰКП алаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселелер – 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын шығару және Комитеттің жаңа төрағасын сайлау болды.
Комитет мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Комитеттің жаңа төрағасы болып Гүлбану Майғарина сайланды. Ол – Lanzhou халықаралық мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының төрағасы, сондай-ақ ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығының кеңесшісі.
Отырыс барысында қатысушылар Комитетті бұған дейін басқарған Сәкен Каринге атқарған ауқымды жұмысы үшін алғыс білдірді. Ол салық реформаларын талқылау кезеңінде кәсіпкерлердің ұстанымын біріктіруге елеулі үлес қосты.
Комитет мүшелеріне жасаған үндеуінде Гүлбану Майғарина өз жұмысының басты басымдықтары ретінде бизнесті сараптамалық қолдауды күшейтуді және мемлекеттік органдармен сындарлы диалог құруды атап өтті. Айтуынша, арнаулы салық режимдерін қорғауға және шағын және орта бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға негізгі назар аударылмақ.

2025 жылдың қорытындылары: мүддені қорғау – сандар мен фактілерде
Отырыста қатысушылар өткен жылғы қызмет нәтижелерін талқылап, Комитеттің шағын және орта бизнес мүддесін қорғаудағы негізгі алаң ретіндегі рөлін атап өтті.
Негізгі нәтижелер:
- Салық саясаты: Арнаулы салық режимдерінің шарттарын сақтау және ҚҚС бойынша есепке қою шектерін қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленді.
- Әкімшілік жүктеме: Артық статистикалық есептілікті (1-ТС нысаны) 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жою мәселесі пысықталды.
- Цифрландыру және есеп: Ұлттық тауарлар каталогын кезең-кезеңімен енгізу туралы келісімдерге қол жеткізілді, бұл өтпелі кезеңде кәсіпкерлердің шот-фактураларының бұғатталуын болдырмауға мүмкіндік береді.
- Қаржыландыруға қолжетімділік: «Даму» қорымен бірлесіп микробизнеске арналған субсидиялау бағдарламаларын өзектендіру мәселесі көтерілді.
Комитет туралы
Шағын және орта бизнесті дамыту комитеті – «Атамекен» ҰКП Төралқасының жұмыс органы. Оның құрамына елдің 14 жетекші салалық қауымдастығының өкілдері кіреді. Комитеттің қызметі кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі шараларын әзірлеуге және заңнамалық бастамаларға сараптама жасауға бағытталған.