Бизнес пен қадағалау: Ақтөбе облысының прокуроры кәсіпкерлермен кездесті

09.02.2026
Бизнес пен қадағалау: Ақтөбе облысының прокуроры кәсіпкерлермен кездесті

Ақтөбеде Өңірлік кәсіпкерлер палатасының салалық кеңестерінің отырысы өтті. Жиынға Ақтөбе облысының прокуроры төрағалық етті. Кездесуге салалық кеңестердің төрағалары мен қосалқы сектор басшылары — жергілікті жерлерде проблемалық мәселелермен тікелей жұмыс істейтін бизнес өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан облыс прокуроры Марат Әбішев кәсіпкерлік қауымдастықпен тұрақты диалог орнатудың және бизнестегі жүйелі қиындықтарға жедел әрекет етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің тиімді өзара іс-қимылы — өңірдің іскерлік ортасының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі.

Жиын барысында Кәсіпкерлер палатасы, әкімдік және прокуратура органдарының өзара іс-қимылы аясында кәсіпкерлердің өтініштерін қарау тетіктері туралы баяндама ұсынылды. Бизнес өтініштері жеке сигнал ретінде емес, ведомствоаралық шешімдерді талап ететін жүйелі кедергілерді анықтау құралы ретінде қарастырылатыны атап өтілді.

Жұмыстың негізгі қорытындыларын Палата директорының орынбасары Руслан Куйшинов баяндады. 2025 жылы Палатаға 287 өтініш түскен, оның 203-і немесе 71%-ы оң шешімін тапқан. 22 кәсіпкердің 5,2 млрд теңге сомасындағы мүліктік құқықтары қорғалды. 132 сараптамалық қорытынды дайындалып, соның ішінде 30-ына ескертулер берілген. Бұл артық әкімшілік кедергілері бар нормативтік актілердің қабылдануына жол бермеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 14 отырысы өтіп, 30 мәселе қаралды, оның 19-ы бизнес пайдасына шешілді. 138 ұсыным беріліп, жұмыс қорытындысы бойынша екі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Палатаның қатысуымен соттарда кәсіпкерлердің 861,5 млн теңге сомасындағы құқықтары қорғалды.

Изображение

Облыс әкімі мен прокурорының бірлескен жеке қабылдауларына да ерекше көңіл бөлінді. Есепті кезеңде осындай төрт қабылдау өтіп, кәсіпкерлер мен инвесторлардың 46 мәселесі қаралды. Нәтижесінде басқарушылық шешімдер қабылданып, түсіндірмелер берілді, ал жүйелі мәселелер бақылауға алынды. Дәл осы форматта бизнес үшін маңызды бірқатар мәселелер шешімін тапты: индустриялық аймақ кәсіпорындары үшін электр энергиясы тарифтерін төмендету, инвестициялық жобаларды қолдау, жалдау төлемдері бойынша кейінге шегеру, шетелдік жұмыс күшіне квоталарды кеңейту, арнайы салық режимдері мөлшерлемелерін төмендету және жер учаскелерін жалға беру мерзімдерін ұзарту.

Бүгінде өңірде 169 бизнес өкілін біріктіретін сегіз салалық кеңес, сондай-ақ аудандық кеңестер жұмыс істейді. 2025 жылы 200-ден астам отырыс өткізіліп, 300-ден аса мәселе қаралды. Ең өзектілері Бизнестің проблемалық мәселелері тізіліміне енгізіліп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды. Өзекті тақырыптардың қатарында сұйытылған газды бөлу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің маусымдық саудасы, Су кодексін құқықтық қолдану, лицензиялардың аумақтық шектеулері, тәуекелдерді басқару жүйесінің ашықтығы және жүк тасымалдаушыларға арналған электрондық кезек жүйесінің жұмысы бар.

Палатаның проблемалардың алдын алуға бағытталған бастамашыл жобаларының рөлі де атап өтілді. Соның ішінде «Жайсан–Сагарчин» халықаралық автожол өткізу пунктіндегі жағдайларға жедел әрекет ету тетігі бар.

Талқылау барысында салалық кеңес өкілдері жеңілдетілген несиелеу, көлік және логистика, оның ішінде шекаралық бекеттерден өту, АӨК-тегі субсидиялау, сауда, мемлекеттік органдар тексерістері және туризмді дамыту мәселелерін көтерді. Бірқатар бағыттар бойынша түсіндірмелер берілді, кей мәселелер жұмысқа қабылданды, ал жекелеген кәсіпкерлерге прокуратура органдарына жазбаша түрде жүгіну ұсынылды.

Отырыс екі сағатқа жуық уақытқа созылып, іскерлік әрі конструктивті форматта өтті. Қорытындылай келе, облыс прокуроры мұндай кездесулер тоқсан сайын, соның ішінде аудандарға бару арқылы, жергілікті маңызы бар мәселелерге басымдық бере отырып өткізілетінін атап өтті.

Изображение