Тасымалдар цифрлық бақылауға көшеді: ЕАЭО навигациялық пломбаларды енгізуде

09.02.2026
Тасымалдар цифрлық бақылауға көшеді: ЕАЭО навигациялық пломбаларды енгізуде

2026 жылдың 11 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екі немесе одан да көп мемлекет аумақтары арқылы өтетін автомобиль және теміржол тасымалдарын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды міндетті түрде қолдану тетігі кезең-кезеңімен енгізіледі.

Аталған механизм навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім мен Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешіміне сәйкес жүзеге асырылады және ең тәуекелді жүк санаттарынан бастап, бір жарым жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі.

Навигациялық пломбалар қандай тасымалдарға қолданылады

Бірінші кезеңде міндетті навигациялық пломбалауға:

  • алкоголь өнімдері;

  • темекі бұйымдары;

  • арнайы экономикалық шараларға жататын тауарлар;

  • кедендік баждар мен салықтарды төлеуді қамтамасыз ету сомасы 500 мың АҚШ долларынан асатын тауарлар жатады.

Жүйе Одақ ішіндегі транзитті, экспортты және өзара сауданы қамтиды әрі физикалық кедендік алып жүруді цифрлық мониторингпен кезең-кезеңімен алмастыруды көздейді. Навигациялық пломбаларды кедендік алып жүрумен қатар қолдануға жол берілмейді, арнайы көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда.

 Жобаны енгізудің мақсаты — логистикалық процестердің ашықтығын арттыру, жалған транзит тәуекелдерін азайту, санкциялық режимдердің сақталуын бақылау және тауарлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды күшейту.

Тарифтер және оның тасымал құнына әсері

 Қазақстан Республикасында навигациялық пломбаларды қолдану арқылы тасымалдарды қадағалау қызметтеріне арналған тарифтер бекітілді.

Бизнес-қоғамдастық ұсынған талдау мен алдын ала есептерге сәйкес, «Атамекен» ҰКП навигациялық пломбаларды қолдану қызметтерінің құны логистикалық шығындарға, әсіресе теміржол тасымалдары кезінде, елеулі әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Жекелеген жағдайларда бір вагон немесе контейнер тасымалының құны маршруттың ұзақтығына және қолданылатын пломбалар санына қарай ондаған пайызға және одан да көпке өсуі ықтимал.

 Осыған байланысты Палата тарифтер экономикалық тұрғыдан негізделген және тек қадағалау қызметіне тікелей байланысты шығындарды ғана өтеуге тиіс деген ұстанымды жүйелі түрде айтып келеді. Бизнес өкілдері оператордың қызметін қамтамасыз ету және қажетті жабдықтарды сатып алу мәселелерін баламалы көздер — гранттық және қарыздық қаражат есебінен қаржыландыруды орынды деп санайды.

Жүйенің дайындығы және пилоттық жобалардың нәтижелері

Нарықты ауқымды енгізуге дайындау мақсатында 2025 жылы Қазақстанда Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық оператор — «Ғарыштық техника және технологиялар институты» ЖШС қатысуымен пилоттық жоба іске асырылды.

2025 жылғы тамыз–қыркүйек айларында:

  • 220 тасымал қадағаланды;

  • 410 навигациялық пломба қолданылды (380 — автокөлік, 30 — теміржол тасымалы);

  • пломбаларды орнату және шешу уақыты орта есеппен 2–3 минутты құрады;

  • «Транзит» және «Кеден» ақпараттық жүйелерінің интеграциясында іркілістер тіркелмеді;

  • жүйенің бес негізгі функционалдық модулі сәтті сынақтан өтті.

 Сонымен қатар механизмді енгізуге дайындық аясында және оның практикалық қолданылуын бағалау үшін Ұлттық оператор бизнес өкілдерімен бірлесіп халықаралық автомобиль тасымалы жағдайында «Транзит» ақпараттық жүйесінің функционалын бағалады.

Бизнес өкілдері навигациялық пломбаларды халықаралық тасымалдардың ашықтығын арттыру құралы ретінде енгізудің мемлекеттік қажеттілігін түсінетінін атап өтті. Сонымен қатар бизнес өкілдері цифрлық бақылаудың пайдасы тек оны қолдану тәртібі түсінікті әрі шығындары негізді болған жағдайда ғана көрінетінін атап өтті. Мұндай жағдайда тексерулер мен қараулар азайып, кедендік рәсімдердің кейбір кезеңдері жеңілдейді.

Алынған тәжірибе навигациялық пломбаларды қолданудың базалық сценарийлерінің техникалық тұрғыдан іске асатынын растады әрі жүйені толық көлемде міндетті қолдану басталғанға дейін бірқатар ұйымдастырушылық және ақпараттық процестерді қосымша жетілдіру қажеттігін көрсетті.

Сонымен бірге пилоттық іс-шаралар бірқатар мәселелерді анықтады, оның ішінде жекелеген кедендік декларациялардағы деректердің нақты мәліметтерге сәйкес келмеуі бар. Бұл тасымалға қатысушылар арасындағы рәсімдер мен ақпараттық өзара іс-қимылды қосымша баптаудың маңызын көрсетеді.

Бизнестің ұстанымы және ұсыныстар

«Атамекен» ҰКП шағын партиялармен тауар тасымалдайтын шағын және орта бизнес өкілдері міндетті пломбалауды өзіндік құнның өсуі мен әкімшілік жүктеменің артуына байланысты ықтимал кедергі ретінде қарастыратынын атап өтеді.

Осыған байланысты бизнес-қоғамдастық:

  • міндетті пломбалаудан босатылған тасымалдар тізбесін сақтау және кеңейту (гуманитарлық және техникалық көмек, жануарлар, инкубациялық жұмыртқалар, халықаралық пошта жөнелтілімдері және өзге де санаттар);

  • тарифтердің тауарлардың түпкілікті құнына нақты әсерін бағалау;

  • ШОБ ерекшеліктерін ескере отырып, сараланған әрі кезең-кезеңімен енгізу тәсілін қамтамасыз ету қажет деп санайды.

Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тасымалдардың ашықтығын арттыруға және жалған транзит тәуекелдерін азайтуға бағытталған цифрлық құралдарды енгізуді жалпы қолдайды, бұл ретте:

  • тарифтердің экономикалық негізділігі;

  • кезең-кезеңімен енгізу;

  • шағын және орта бизнес мүдделерін ескеру;

  • мемлекеттік бақылау мен адал кәсіпкерлік қызмет еркіндігі арасындағы теңгерімді сақтау маңызды деп есептейді.

Палата навигациялық пломбаларды қолдану практикасына мониторинг жүргізуді және жүйе «нақты» режимде іске қосылған сайын бизнес қауымдастығының біріккен ұстанымын қалыптастыруды жалғастырады.