Астанада Central Asia Coatings Show 2026 халықаралық көрмесі өтті
Астанада Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен лак-бояу материалдары, оларды өндіруге арналған шикізат пен жабдықтар саласындағы Қазақстандық халықаралық Central Asia Coatings Show 2026 көрмесі өтті. Аталған алаңда саланың негізгі қатысушылары мен нарық сарапшылары бас қосты.
Іс-шара Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылды. Аталған көрме үшінші рет өткізіліп отыр және осы уақыт ішінде кәсіби әрі беделді салалық платформа ретінде танылды.
2025 жылы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 30,6 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіште химия өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай артқан. Өндіріс көлемі 1,5 трлн теңгені құрап, жалпы көлемнің 5 пайызына тең болды. Аталған сала сабақтас өндірістердің дамуына және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Көрме аясында компаниялар экологиялық бағыттағы шешімдерін таныстырды. Олардың қатарында жаңартылатын компоненттерді пайдалану, заманауи тазарту жүйелері мен қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары бар. Ұсынылған әзірлемелер орнықты даму жөніндегі жаһандық үрдістерге сай келеді әрі Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі нарық талаптарына, сондай-ақ көрменің стратегиялық мақсаттарына жауап береді.
Көрме жергілікті өндірушілер тарапынан да үлкен қызығушылық тудырды. Бұл олардың өткізу нарықтарын кеңейтуге, өнім сапасын арттыруға және халықаралық стандарттарға бейімделуге ұмтылысын көрсетеді.
«Бұл көрме Қазақстан үшін инвестиция тартуға, озық технологияларды трансферттеуге, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Лак-бояу материалдары мен шикізат өндірісі нарығы қарқынды дамып жатқан жағдайда мұндай іс-шаралар өндірушілер, жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді», — деді көрменің ашылу салтанатында «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Дарқан Сағынбеков.