Павлодардағы «Атамекен» палатасында өткен кеңесте ҚАЖ мекемелерінде өндіріс ашудың артықшылықтары аталды

11.02.2026
Павлодардағы «Атамекен» палатасында өткен кеңесте ҚАЖ мекемелерінде өндіріс ашудың артықшылықтары аталды

Павлодар облысының бизнесіне қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелерінде өз ісін ашу ұсынылуда. Осы мәселеге арналған кеңес өңірлік Кәсіпкерлер палатасында оның директоры Ерқанат Әбеновтің төрағалығымен өтті.

 

Изображение

ӨКП «Атамекен» басшысы 20 қазанда Президент Әкімшілігі басшысының төрағалығымен қылмыстық-атқару жүйесіндегі проблемалық мәселелер бойынша кеңес өткенін атап өтті. Аталған кездесудің №7 хаттамалық тармағына сәйкес, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлік қауымдастық арасында ҚАЖ мекемелері және кәсіпорындарымен ынтымақтастықтың тиімділігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.

«Біз алғаш рет кездесіп отырған жоқпыз, бизнесті қылмыстық-атқару мекемелерімен өзара іс-қимылға тартып келеміз. Павлодар облысында мұндай орындарда қазірдің өзінде бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді: құрылыс материалдарын, темір-бетон бұйымдарын, жиһаз өндіру, ағаш өңдеу, тігін өндірісі», – деп еске салды Ерқанат Әбенов.

 

Изображение

Мұндай мекемелерде кәсіп ашу арқылы бизнес әлеуметтік мәселені де шешуге – сотталғандарды жұмыспен қамтуға үлес қосады. Олар сот шешімімен жүктелген қарыздары мен айыппұлдарын өтеуге міндетті. Мұны тек еңбегі үшін, кем дегенде ең төменгі жалақы ала отырып қана орындай алады. Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан жұмыспен қамтылған адамдар саны республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Өңірде бұл жұмысқа 20 кәсіпкерлік субъектісі тартылған.

Колонияларда бизнес ашудың артықшылықтарының бірі – салыстырмалы түрде арзан жұмыс күші, деп атап өтті «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Еңбек-Павлодар» филиалының директоры Асылхан Оспанов. Колонияларда жазасын өтеп жатқан және бизнес субъектілерінде жұмыс істейтін сотталғандар ең төменгі жалақы алады (қазіргі уақытта – 85 000 теңге). Сонымен қатар еңбекақы өндірілген өнімнің нақты көлеміне қарай кесімді түрде төленуі мүмкін.

 

Изображение

«Колонияларда жұмысшыларды жалдаудың тағы бір артықшылығы – тәртіп. Себепсіз жұмысқа келмеу болмайды, жұмысшылар жұмыс орнына таңғы сағат 9:00-де нақты келіп, кешкі 18:00-де кетеді», – деп қосты спикер.

Кәсіпкер өндіріс орналасқан ғимарат үшін жалдау ақысын төлеуден босатылады, тек коммуналдық қызметтер үшін есеп айырысады. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар колониялардың бірінде жеке өндіріс үшін ангар салу міндеттемесін алған. Дайын ғимаратқа келген бизнес оны өз балансына қабылдайды. Сондай-ақ жұмысшылар үшін түнгі ауысым ұйымдастыруға рұқсат етілген.

 

Изображение

ҚАЖ мекемелері аумағында жүзеге асыруға болатын бизнес түрлері де аталды: саңырауқұлақ өсіру, металл өңдеу (есіктер, қоршаулар және т.б. өндіру), ағаш өңдеу, жиһаз, темір-бетон бұйымдары, құрылыс материалдарын шығару, вахталық жұмысшыларға арналған тұрғын вагондар өндіру. Колониялардың бірінде мал тасымалдауға арналған вагондар шығару басталды.

Кәсіпкерлер ҚАЖ мекемелерімен ынтымақтастық орнату үшін Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментіне (Павлов көшесі, 1/1) жүгінуі тиіс. Департамент ғимаратының үшінші қабатында «Еңбек-Павлодар» филиалы орналасқан.

 

Изображение

Ерқанат Әбенов 12 қаңтарда қылмыстық жазаларды орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу жөніндегі комиссия төрағасы Серік Батыргужинов кеңес өткізгенін қосты. Сол кезде қала және аудан әкімдеріне «Еңбек» РМК өндіретін өнімдерді, оның ішінде бір көзден сатып алу тәсілімен, сатып алу мәселесін қарау тапсырылды. Бұл туралы барлық қажетті хаттарды Кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлік және сауда басқармасы бизнеске, аудан және қала әкімдеріне жолдаған.

Кеңеске қатысқан кәсіпкерлерге ӨКП «Атамекен» директоры аталған шарттар мен артықшылықтарды ескере отырып, өндірістерін түзеу мекемелерінің аумағында орналастыруға болатынын айтты. Жоспарда – өндіріс ашуға жасалған жағдайлармен танысу үшін колонияға бизнеске арналған ақпараттық тур ұйымдастыру бар.

 

Изображение