Бизнесті қолдау: өсу және қысымды төмендетуге баса назар
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы бизнестің басты сұранысы — формалды шаралар емес, болжамды ережелер мен нақты қолдау керегін тағы да белгіледі. Президент шағын және орта бизнеске қатысты саясатты қайта жаңғырту қажеттігін нақты атап өтіп, қолдаудың атаулы берілуіне, цифрландыруға және жоспардан тыс тексерулер арқылы жасалатын артық қысымды тоқтатуға ерекше назар аударды.
Аталған бастамаларға түсініктеме бере отырып, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек бизнестің осындай жүйелі өзгерістерді көптен күткенін атап өтті.
«Қазіргі кезде кәсіпкерлер үшін бағдарламалардың саны емес, олардың түсінікті әрі қолжетімді болғаны маңызды. Президент айтқан бірыңғай цифрлық экожүйе өсудің нақты құралы бола алады – барлық қолдау шаралары, талаптар мен қызметтер бір жүйеге жиналып, смартфоннан қол жетімді болған кезде тиімді. Бұл шара әкімшілік кедергілерді де, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де азайтады», - деп атап өтті Өңірлік палата директоры.
Ол Мемлекет басшысының тексерулер бойынша позициясының маңызын атап өтті.
«Тексерулердің 85 пайызы жоспардан тыс болған кезде, бұл бақылау емес, нағыз қысымға айналады. Президенттің бұл тәжірибені қайта қарау қажеттігі жөніндегі сигналы бизнес тарапынан мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сенімді қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам ретінде қабылданып отыр», - деп толықтырды спикер.
Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, жасанды интеллект пен блокчейнді пайдалана отырып, реттеудің цифрлық моделіне көшу болашақтың мәселесі емес. Бұл өңірлердегі шикізаттық емес сектор мен шағын және орта бизнесті тұрақты дамыту үшін қолдану керек шұғыл қажеттілік болып отыр.