«Атамекен» ҰКП-да мектепке дейінгі саланы реттеуді жетілдіру мәселесі талқыланды
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Өзін-өзі реттеуді дамыту комитеті мен Адами капиталды және бизнестің әлеуметтік саясатын дамыту комитетінің мектепке дейінгі білім беру нарығын реттеуді жетілдіру мәселелеріне арналған бірлескен отырысы өтті.
Бүгінгі таңда бұл сала елдегі ең әлеуметтік сезімтал және сонымен бірге қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Қазақстанда 2025 жылдың соңына сәйкес 1 млн-нан астам бала тәрбиеленетін балабақшалар мен шағын орталықтарды қоса алғанда, 12 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. Мыңдаған кәсіпкерлер мен сала қызметкерлерінің мүдделері, ең бастысы балалардың қауіпсіздігі және ата-аналардың сенімі олардың жұмыс жағдайларының тұрақтылығы мен ашықтығына тікелей байланысты.
Отырысқа қатысушылар қолданыстағы реттеу моделі негізінен мемлекеттік бақылау мен ресми талаптарға негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар, артық әкімшілік жүктеме көбінесе адал ұйымдарға да, нарықтың жосықсыз қатысушыларына да бірдей әсер етеді, бұл ретте әрдайым сапаның нақты өсуін қамтамасыз ете бермейді.
«Өзін-өзі реттеу мемлекеттің рөлін жоймайды. Бұл – кәсіби қауымдастық сапа стандарттарын әзірлеуді және ішкі бақылауды өз мойнына алатын жауапкершілікті қайта бөлу құралы», - деп атап өтті Өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Асланбек Жақыпов.

«Мұндай әлеуметтік маңызды сала үшін мемлекеттік қадағалау мен бизнестің жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге артық қысым жасамай қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету», - деді Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Олжас Ордабаев.
«BilimInvest» білім беру инвесторларының ұлттық қауымдастығы» ЖКжЗТБ басшысы Батырбекова Кулянда Увалхановна басты спикер ретінде сөз сөйледі. Өз сөзінде ол салалық бірлестіктің практикалық тәжірибесін ұсынды, ішкі сапа стандарттарын енгізу, аккредиттеу және кәсіби жауапкершілік тетіктері, сондай-ақ нарық қатысушыларымен өзара іс-қимыл туралы айтты. Отырысқа қатысушылар қолданыстағы ӨРҰ тәжірибесін қарады және оны қолданыстағы заңнама шеңберінде масштабтау мүмкіндіктерін талқылады.

Талқылау қорытындысы бойынша бизнес пен сарапшылардың шоғырландырылған ұстанымы әзірленді.
Осы кезеңде міндетті ӨРҰ енгізбестен өзін-өзі реттеудің ерікті форматын сақтау және функцияларды мемлекет пен кәсіптік қоғамдастық арасында бөле отырып, уәкілетті органдармен бірлесіп реттеу тетіктерін дамыту; заңнамалық талаптарды қатаңдатпау, бірақ біліктілік талаптары мен кәсіптік стандарттарды қайта қарауға және өзектендіруге шоғырландыру туралы шешім қабылданды.
Осылайша, өзін-өзі реттеуді дамыту қызмет көрсету сапасын арттыруға, адал бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға және нарықты дамытудың тұрақты және ашық моделін қалыптастыруға бағытталған кезең-кезеңмен әрі салмақты процесс ретінде қарастырылады.