Сараптама ұйымдарының палатасы құрылғанына 10 жыл толды
Сараптама ұйымдарының палатасы құрылғанына 10 жыл толуын атап өтіп, Қазақстандағы жобалау және құрылыс жобаларына ведомстводан тыс сараптама жүргізу саласындағы сараптамалық қызметті дамыту мен шоғырландыру бағытындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Қанат Шарлапаев құттықтау сөз сөйлеп, Сараптама ұйымдарының палатасының жеке сараптама институтын қалыптастыру мен дамытудағы маңызды рөлін, сондай-ақ кәсіби қауымдастықты нығайтуға және бизнес пен мемлекет арасындағы тиімді диалогты жолға қоюға қосқан үлесін атап өтті.
Сараптама ұйымдарының палатасы 2016 жылдың ақпан айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында құрылды. Бұл стратегиялық маңызды қадам құрылыс жобаларына сараптама жүргізуді бәсекелі ортаға көшіруге жол ашып, жеке сараптамалық ұйымдар нарығының институционалдық негізін қалыптастыруға жол ашты. Аталған нарық сапаны арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және халықаралық стандарттарға сәйкестікке бағытталды.

«Бүгінде Палата барлық мемлекеттік органдармен — Үкіметпен және Парламентпен — сындарлы диалог орнатты. Ол құрылыс саласындағы заңнаманы жетілдіруге белсенді түрде қатысып, сараптамалық жұмыстардың сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Өздеріңіз білетіндей, елімізде 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі қабылданды. Осы кодекске сәйкес құрылыс саласы мамандарын сертификаттау жүйесі енгізіледі. Осыған байланысты Палатаның алдында сертификаттау орталығын құру жөнінде үлкен міндет тұр», – деді ҚР ҰКП «Атамекен» Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.
Бүгінде Палата еліміз бойынша 207 аккредиттелген ұйымды және шамамен 1 500 аттестатталған сарапшыны біріктіреді. Іс-шараға қатысушылар саланың тұрақты дамуы мен мемлекет, бизнес және қоғам тарапынан сенімді сақтау кәсібилік, объективтілік, тәуелсіздік және жоғары жауапкершілік қағидаттарын қатаң сақтау арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.

«Ашығын айтқанда, он жыл — салыстырмалы түрде ұзақ мерзім емес. Әрине, алғашқы кезеңде оңай болған жоқ, түсінбеушіліктер де болды. Турасын айтсақ, Палатаның қызметі елеулі сынға ұшырады. Алайда уақыт өте келе Палата өз жолын тауып, тәжірибе жинақтады. Біз өз жұмысын адал атқармаған ұйымдарды Палатадан шығардық. Бүгінде қызмет аясын кеңейткен Палата екі жүзден астам сараптамалық ұйымды біріктіріп отыр», – деді Сараптама ұйымдарының палатасы Төралқа Төрағасы Серік Рустамбеков.
Қорытындылай келе, қатысушылар он жыл ішінде Сараптама ұйымдарының палатасы жеке сараптама нарығындағы негізгі кәсіби алаң ретінде қалыптасқанын атап өтті. Алдағы уақытта Палата сарапшылар қауымдастығын біріктіруді жалғастырып, сапаның жоғары стандарттарын белгілеуді және мемлекет, бизнес пен құрылыс саласының барлық қатысушылары үшін сенімді серіктес болуды көздейді.