Енді чек жинаудың қажеті жоқ: жаңа Салық кодексі туралы білу керек негізгі жайттар

12.02.2026
Енді чек жинаудың қажеті жоқ: жаңа Салық кодексі туралы білу керек негізгі жайттар

Мемлекет ескі бюрократияны жеңілдетілген цифрлық салықтармен алмастырып, есесіне бизнестен толық ашықтықты талап етпек.

2026 жылғы салық реформасы – ескі жүйені түбегейлі жаңғырту қадамы. Мемлекет қоғамға жаңа келісім ұсынуда: әлеуметтік жеңілдіктер мен шағын бизнеске арналған режимдерді айтарлықтай жеңілдету орнына – ашықтық пен толық цифрлық бақылау.

Жаңа Салық кодексінің егжей-тегжейі «Атамекен» ҰКП алаңында өткен түсіндіру семинарында талқыланды. Іс-шараға ҰКП, Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) өкілдері және шағын және орта бизнес субъектілері қатысты. Онлайн-кездесуге 300-ге жуық компания қосылды.

Чек жинаудың орнына – бірыңғай шегерім

30 АЕК көлеміндегі бірыңғай базалық шегерім жүйесі қарапайым салық төлеушіні артық бюрократиядан босатуға тиіс. Бұған дейін жеке тұлғалардың медицина немесе білім алуға жұмсаған шығындары табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылатын. Ол үшін түрлі құжаттар, түбіртектер, шот-фактуралар жинап, жыл соңында декларация тапсыру қажет болған. Енді жұмыс берушіге бір өтініш беру жеткілікті – шегерім барлық азаматтарға автоматты түрде қолданылады.

I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін салықтық шегерім 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Прогрессивті шкала және «миллионерлер салығы»

Әлеуметтік әділеттілік қағидаты табысы жоғары азаматтарға қатысты болады. Бүгінде Қазақстанда «көбірек табыс – көбірек төлем» принципі енгізілуде. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі жеке кәсіпкерлер мен дивиденд алушылар үшін 1 млрд теңге шегі белгіленді.

1 млрд теңгеге дейін – жеңілдетілген мөлшерлеме сақталады (ЖК үшін 10%, дивидендтерге 5%);

1 млрд теңгеден жоғары – мөлшерлеме 15%-ға дейін өседі.

Жылжымайтын мүлік нарығына да өзгерістер енгізіледі. Пәтерді сату кезінде салықтан босату үшін оған иелік ету мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Бұл талап 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін сатып алынған нысандарға ғана қатысты. Бұрын алынған пәтерлерге ескі нормалар қолданылады. Ал автокөлік үшін мерзім бұрынғыдай – 1 жыл.

Кәсіпкерлер үшін реформа екіұшты әсер қалдырады: ірі айналымдарға фискалдық жүктеме өседі, алайда жаңа бастаған бизнес үшін жағдай жеңілдейді.

Такси жүргізушілері, курьерлер және үй шеберлері сияқты жүздеген мың азамат үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим енгізіледі. Бұл микробизнесті «көлеңкеден» шығаруға бағытталған. Табысынан 4% төлем толықтай әлеуметтік пакетке – зейнетақы жарналарына, медициналық сақтандыруға және әлеуметтік сақтандыруға бағытталады.

«e-Salyq Business» қосымшасы арқылы БКМ чегі беріледі және есептілік автоматты түрде қалыптасады.

«Біздің мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан салық жинау емес, оларды әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету. Салық мөлшерлемесі 0% болған жағдайда жалғыз төлем – табыстың 4%-ы, оның бәрі зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыруға кетеді. Барлық есеп смартфонда жүргізіледі. Чек бердіңіз – еңбек өтілі мен медицинаға қол жеткіздіңіз», – деді МКК арнаулы режимдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Алтынай Ахметова.

Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 наурызынан бастап патент негізінде жұмыс істеген ЖК-лердің табысы айына 1,3 млн теңгеден аспаса, олар автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлға мәртебесіне ауыстырылады.

Сонымен қатар турбазалардағы шағын ұңғымалар иелері (жер қойнауын пайдаланушылар) үшін өз қажеттілігіне су өндіру оңайлатылған режим мәртебесінен айырмайтыны нақтыланды.

ҚҚС базалық мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру – ең көп талқыланған мәселе болып қала бермек. Дегенмен МКК салықтық әдіснама басқармасы басшысының орынбасары Мадина Жантілеева қорғаныс тетіктері бар екенін атап өтті. 2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС мөлшерлемесі 5% болады. Бұл дәріханалардағы бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін қабылданған шешім.

Сүт өңдеушілер үшін ҚҚС бойынша қосымша есепке алу жеңілдігі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл сала үшін айтарлықтай қолдау.

Цифрлық жүйе: «елес» берешектер мен вето құқығы

Жаңа ақпараттық жүйеге (СӘАЖ) көшу және ескі дерекқордан (ОБДШ) бас тартудың олқылықтары да бар. Дөңгелектеу қателіктеріне байланысты тиындар есепке алынбай, шоттарды бұғаттайтын ұсақ берешектер пайда болып жатыр.

МКК деректер көшіру 2026 жылғы ақпанның ортасына дейін аяқталатынын хабарлады. Осы уақытқа дейін есепшілерге мұқият болу ұсынылады. Жүйе автоматты түрде дұрыс емес салық органының кодын беріп,  ЖК жабу кезінде артық төлемді жоғалтып алуы мүмкін.

Тағы бір жаңалық – жеткізуші ЭШФ-ны сатып алушының келісімінсіз біржақты кері қайтара немесе түзете алмайды.

«Сатып алушының келісімінсіз жүйе түзетуді қабылдамайды. Бұл айналымдармен жасалатын айла-шарғылардың алдын алады, алайда бизнестен цифрлық кеңістікте жедел әрекет етуді талап етеді», – деп атап өтті сарапшылар.

Бизнес қойған сұрақтар

Семинар барысында бизнестен әртүрлі сипаттағы сұрақтар келіп түсті.

Ең өзекті тақырыптардың бірі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру мәселесі болды. 2026 жылдан бастап мыңдаған қазақстандықтар ЖК ретінде тіркелмей-ақ, тек қосымша арқылы чек беру арқылы жұмыс істей алады. Алайда олардың қызметін пайдаланатын бизнес үшін бұл жеңілдетілген жүйе белгілі бір бюрократиялық қиындықтарды да туындатуы мүмкін.

Бизнес өкілдері МКК-ге ұсыныс білдірді: егер барлығы цифрландырылып жатса, неге «e-Salyq Business» қосымшасында орындалған жұмыстар актілерін (ОЖА) автоматты түрде қалыптастыруды енгізбеске?

«Чек – тек төлемді растайтын құжат. Ол бастапқы бухгалтерлік құжаттардың орнын алмастырмайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат жеке тұлға болғандықтан, ол жүйеде ОЖА-ны өз бетінше қалыптастыра алмайды. Бұл міндет бизнес субъектісіне жүктеледі. Актіні өздеріңіз дайындайсыздар, ал жеке тұлға оған қол қояды. Тәртіп қазір азаматтық-құқықтық шарттар (ГПХ) бойынша қалай болса, сол күйінде қалады. Шығындарды шегерімге жатқызғыңыз келсе – ОЖА-ны өзіңіз рәсімдеңіз», – деп түсіндірді МКК-де.

ЭСФ мәселесі де алаңдаушылық тудырды. Егер тауардың шығу тегі расталмаса, салық органы мәмілені жалған деп тануы мүмкін деген қауіп бар.

Мадина Жантілееваның айтуынша, ЭШФ – бұл тек ҚҚС-ты есепке жатқызуға арналған салықтық құрал, ал мәміленің шынайылығын дәлелдейтін құжат емес.

«Өткізу фактісі бастапқы құжаттармен – жүкқұжаттармен және актілермен расталады. 2026 жылдан бастап сатып алушы үшін “вето құқығы” енгізіледі. Егер жеткізуші ЭШФ-ны кері қайтарып алғысы немесе түзеткісі келсе, ол мұны жүйеде сіздің растауыңызсыз жасай алмайды. Екінші тараптың акцептісіз айналымға енгізілген түзету есепке алынбайды», – деп атап өтті МКК өкілдері.

ЖК-ны жабу: автоматты түрде ме, әлде қолмен бе?

Көптеген жеке кәсіпкерлер 2026 жылдан бастап ЖК-ларын жауып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесіне өтуді жоспарлап отыр. Алайда барлығы 1 наурызға дейін рәсімдерді аяқтап үлгере ме?

Салық органының түсіндіруінше, патент негізінде және мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтіндер үшін көшу автоматты түрде жүзеге асырылады. Тексеру жүргізіледі және егер берешегі болмаса әрі бақылау-кассалық машиналары есептен шығарылған болса, мұндай кәсіпкерлер 1 наурызда автоматты түрде есептен шығарылады.

Ал жеңілдетілген декларация режиміндегілер үшін автоматты көшу қарастырылмаған.

«Егер сіз оңайлатылған декларация негізіндегі режимде болсаңыз, салық салу режимін өзіңіз таңдауыңыз қажет. Егер ЖК қызметін тоқтатқысы келсе, алдымен 2025 жылдың екінші жартыжылдығы үшін есептілікті тапсыруы керек, содан кейін – 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін тарату декларациясын өткізуі тиіс. Барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеп, тарату декларациясын тапсырумен бір мезгілде жабу туралы өтініш бересіз. Бұған сіздерге екі ай – қаңтар мен ақпан беріледі», – деп атап өтті Алтынай Ахметова.

Талап қою мерзімі барлығына бірдей емес

2017-2020 жылдардағы хабарламаларға байланысты тарату үдерісінде «тұрып қалған» кәсіпорындары бар салық төлеушілер өткір мәселелерді көтерді. Үш жылдық талап қою мерзімі формалды түрде өтіп кеткенімен, жүйе компанияны жабуға мүмкіндік бермей отыр.

МКК түсіндірмесі берешегі бар тұлғалардың көңіл көншіте қойған жоқ. Егер хабарлама жіберілген болса, талап қою мерзімі ол толық орындалғанға дейін ұзартылады.

«Егер сіз ЖК мәртебесін жойғыңыз келсе, бұл хабарламаға міндетті түрде жауап беруіңі керек – не оны мойындап, қосымша төлем жасауыңыз қажет (жүйе өткен кезеңдер үшін есептілікті тапсыруға мүмкіндік береді), не келіспеу туралы түсіндірме ұсынуыңыз керек. Жай ғана күтіп отыру нәтиже бермейді», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Цифрлық ақаулар

Кәсіпкерлер техникалық бейберекетсіздікке шағымданды. Ескі жүйе мен жаңа СӘАЖ арасындағы қайшылыққа байланысты бизнес шын мәнінде жоқ берешек туралы хабарламалар алуда, ал декларацияларды толтыру кезінде бағдарлама тиындарды елемей, сандарды өз пайдасына қарай дөңгелектейді.

МКК-нің Мемлекеттік қызметтер департаментінің өкілдері проблемалардың бар екенін мойындады:

«Қазір екі бағдарлама қатар жұмыс істеп тұр, бұл деректерде сәйкессіздік туындатады. 2026 жылдың ақпанының ортасында ескі ОБДШ жүйесін толық өшіруді жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін барлық алшақтықтар жойылып, деректерді салыстыру қалыпты режимге келеді», – деді олар.

Сондай-ақ барлығы үшін салықтық есептілікті тапсыру мерзімін кейінге қалдыру нормасы алып тасталады.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, декларация тапсыруды кейінге қалдыру бизнеске көмектеспейді. Маңыздысы – төлемді кейінге қалдыру, ал бұл норма кодексте сақталған», — деп түйіндеді МКК өкілдері.

2026 жылғы салық реформасы – қазір «сынақтан» өтіп жатқан күрделі механизм. Бүгінде фискалдардың бизнеске басты кеңесі – міндеттемелерді созбау және екі айлық өтпелі кезең ішінде цифрлық кабинеттерді белсенді түрде меңгеру.

Ал «Атамекен» ҰКП өз кезегінде ауқымды цифрлық трансформация кезеңінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында жағдайды бақылауды жалғастыруда.