Қарағанды облысында кәсіпкерлерге электрондық коммерцияның практикалық құралдары таныстырылды

12.02.2026
Қарағанды облысында кәсіпкерлерге электрондық коммерцияның практикалық құралдары таныстырылды


Маркетплейстерге қалай шығу, тиімді нишаны қалай таңдау және бастапқы кезеңде шығынға ұшырамау — осы практикалық мәселелер Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен «Электрондық коммерция: бизнес-модельдер мен үдерістер. Құралдар мен қосымшалар» атты семинардың негізгі тақырыбы болды.

Іс-шара офлайн және онлайн форматта өтіп, өңір кәсіпкерлерінің цифрлық құралдар мен онлайн-саудаға қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.

Семинар спикері — e-commerce саласында 16 жыл тәжірибесі бар, Қазақстаннан OZON маркетплейсіндегі алғашқы seller Ольга Рожкова. Ол нақты кейстерді талдап, кәсіпкерлер жиі жіберетін қателіктерді көрсетті және онлайн-сатуды іске қосудың практикалық қадамдарын ұсынды.

Сарапшылардың дерегінше, Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы тұрақты өсіп келеді. 2024 жылы бөлшек онлайн-сауда көлемі 3,1 трлн теңгеден асты, бұл шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Семинар барысында қатысушылар электрондық сауданың негізгі элементтерін қарастырды: қойма мен логистиканы ұйымдастыру, фулфилмент, өзіндік құн мен юнит-экономиканы есептеу, процестерді автоматтандыру және маркетинг құралдары.

Спикердің айтуынша, көптеген кәсіпкерлер логистика, қаптама және ілгерілету шығындарын дұрыс бағаламай, соның салдарынан бизнес тұрақтылығын жоғалтады. Онлайн-сауда тұрақты табыс әкелуі үшін экономиканы алдын ала есептеп, барлық процестерді дұрыс ұйымдастыру қажет.

Сондай-ақ, автоматтандыру қателіктерді азайтып, тапсырыстарды өңдеу жылдамдығын арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартатыны атап өтілді.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы ШОБ дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Касимова цифрландыру кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Оның сөзінше, электрондық коммерция — бизнестің өсуінің маңызды құралдарының бірі. Палатаның оқыту форматындағы іс-шаралары кәсіпкерлерге практикалық білім беріп, онлайн-нарыққа шығуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Семинар қатысушылары кездесудің практикалық маңызын атап өтіп, өзекті тақырыптар мен бизнесті қолдау үшін Кәсіпкерлер палатасына алғыс білдірді.

Кәсіпкерлерге арналған барлық оқыту бағдарламалары, қолдау шаралары мен іс-шаралардың анонстары «Бизнес Караганда» ресми Telegram-арнасында жарияланады:https://t.me/business_karaganda