«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді

12.02.2026
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапар аясында ол Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті.

Кездесуге Түркістан облысы маслихат төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы, өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы, сондай-ақ «Atm Construction & Investment» ЖШС Басқарма төрағасының кеңесшісі қатысты.

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне ерекше тоқталды.

– Түркістан облысынан бастағаныма қуаныштымын. Бұл – демографиялық әлеуеті жоғары, аграрлық секторы мықты, кәсіпкерлік белсенділігі өсіп келе жатқан аймақ. Елдің экономикалық өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналуға барлық мүмкіндігі бар өңір, – деді ол.

ҰКП Төралқа Төрағасы «Атамекеннің» өңір бизнесіне нақты қандай қолдау көрсете алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Палата проблемаларды тіркеумен ғана шектелмей, оларды жүйелі шешуге көшкен.

Жер мәселесі, инфрақұрылым, инженерлік желілерге қосылу, рұқсат рәсімдері, тексерулер мен қаржыландыруға қолжетімділік – кәсіпкерлер жиі кездесетін кедергілер. Осы бағытта әкімдікпен бірлесіп жобаларды сүйемелдеудің нақты әрі түсінікті механизмін қалыптастыру ұсынылды. Атап айтқанда, жер мен инфрақұрылым бойынша нақты мерзімдер белгілеу, ашық келісімдер жасау, маңызды жобаларға жеке үйлестіруші бекіту және жүйелі мәселелерді республикалық деңгейге жедел шығару тетіктері қарастырылуда.

Қанат Шарлапаев институционалдық ортаның сапасы инвестициялық белсенділікке тікелей әсер ететінін айтты. Палата нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге белсенді қатысып, рәсімдерді жеңілдету және өңірлік бизнестің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізуде.

– Ережелер өндіріс пен өңдеуді қиындатпай, керісінше ынталандыруы тиіс. Егер қандай да бір норма дамуға кедергі келтірсе, оны өзгерту қажет. Палата бұл бағытта белсенді серіктес бола алады, – деді ол.

Кездесуде шағын, орта және ірі бизнеске арналған нақты құралдар да таныстырылды.

Шағын бизнес үшін өңірлерде жеңілдетілген қаржыландыру құралы іске қосылған. Мөлшерлеме – 13,2%, қаржыландыру көлемі – 200 млн теңгеге дейін. Жалпы республика бойынша бұл бағытқа шамамен 400 млрд теңге қарастырылған. Қаржы өндіріс пен өңдеу саласына бағытталуы тиіс.

Бұл тетік Түркістан облысы үшін өзекті, себебі өңірде агроөңдеу, құрылыс материалдары өндірісі, тамақ және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді.

Орта және ірі бизнес үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың инвестициялық жобаларын сүйемелдеу басымдыққа ие. Кеңейту және жаңғырту жобаларының пулы қалыптастырылып, олар даму институттарымен және қаржы ұйымдарымен байланыстырылуда. Негізгі мақсат – жобаларды тек жариялап қана қоймай, қаржыландырып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, нақты жол картасы арқылы іске қосуға дейін жеткізу.

Қанат Шарлапаев Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық рөліне тоқталды. Оның айтуынша, шикізаттық модельден кету – ортақ міндет.

– Егер ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, сол жерде өңдеу, қаптау және логистика да дамуы қажет. Қосылған құн өңірде қалуы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері және экономикалық тұрақтылық, – деді ол.

Бәсекеге қабілеттілік технологиялық даму деңгейімен тығыз байланысты. Автоматтандыру, цифрлық аналитика және логистиканы оңтайландыру – шығынды азайтып, пайданы арттырудың нақты құралдары.

Палата цифрлық шешімдерді енгізуді және еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға дайын. Бұл ішкі нарықта да, экспортта да бәсекеге қабілетті болудың басты шарты ретінде аталды.

Кездесу соңында әкімдік пен бизнес арасындағы тұрақты әрі мазмұнды диалогтың маңыздылығы атап өтілді. Инвестициялық жобаларды бірлесіп мониторингтеу, инфрақұрылымдық шектеулерді талдау және жүйелі мәселелерді Үкімет деңгейіне жедел шығару бойынша ұсыныстар айтылды.

– Мемлекеттен – заң мен тәртіп. Палатадан – қорғау және сүйемелдеу. Бизнестен – бастама мен жауапкершілік. Әкімдіктен – инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Біз артық бюрократиясыз, жүйелі жұмыс істеуге дайынбыз, – деп түйіндеді Қанат Шарлапаев.

Жұмыс сапары аясында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және институционалдық ортаны жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Түркістан облысының әлеуетін толық іске асыру бағытындағы әріптестік алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Изображение