Инвестициялық климат – өңірлік дамудың басты тетігі

12.02.2026
Инвестициялық климат – өңірлік дамудың басты тетігі

Түркістан облысы прокуратурасының үлкен мәжіліс залында «Инвестициялық климат – дамудың басты құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Түркістан облысының прокуроры М.Ә. Тлеубердиев төрағалық етті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімі Н. Көшеров, облыстық мәслихат төрағасы, Өңірлік кеңес төрағасы Н. Әбішов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қ. Шарлапаев, Бас прокуратура өкілдері, облыстық сот төрағасы, құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың басшылары, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның өңірлік директоры, сондай-ақ ұлттық пулға кіретін ірі инвесторлар қатысты.

Жиында сөз алған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев инвестициялық саясаттың ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті:

«Бүгінде инвестициялық саясат – мемлекеттік күн тәртібінің өзегі. Мемлекет басшысы инвестицияны экономикалық өсудің басты қозғаушы күші ретінде айқындады.

Бақылауды күшейту инвесторларға әкімшілік қысым жасау емес, керісінше заңдылық пен жауапкершілікті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Инвестор ең алдымен шешімдердің болжамдылығына, негізсіз тексерулерден қорғалуына және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне қарайды.

Біз құқық бұзушылықтан кейін әрекет етуден гөрі, оның алдын алу моделіне көшуіміз қажет. «Атамекен» палатасы прокуратура органдарымен бірге әділ әрі болжамды құқықтық ортаны қалыптастыруға дайын».

Дөңгелек үстелдің күн тәртібінде инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында анықталған проблемалар және оларды шешу жолдары қаралды. Баяндамалармен облыс прокурорының бірінші орынбасары С. Келдібеков, облыс әкімінің орынбасары Н. Тұрашбеков және Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры А. Ибадуллаев сөз сөйледі.

Жиын барысында инвесторлар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шекті мөлшеріне қатысты құқықтық кедергілер. Қолданыстағы Жер кодексіне сәйкес белгіленген 5 мың гектарлық шек ірі агроөнеркәсіптік жобалардың ауқымына сай келмейтіні атап өтілді. Бұл өз кезегінде әкімшілік рәсімдерді күрделендіріп, операциялық шығындарды арттырып, біртұтас агротехнологиялық циклдің бұзылуына әкелуде. Осыған байланысты стратегиялық инвестициялық жобалар үшін жердің шекті мөлшерін ерекше тәртіппен белгілеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Екінші маңызды мәселе – инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Кәсіпорындардың тұрақты жұмысын тежейтін негізгі факторлардың бірі – электр энергиясының тапшылығы мен тұрақсыздығы екені айтылды. Өндірістік желілердің тоқтап қалуы қаржылық шығындарға және жабдықтардың зақымдануына алып келеді. Осыған байланысты «бос жер» беруден гөрі инженерлік инфрақұрылымы алдын ала тартылған, техникалық шарттары расталған дайын инвестициялық алаңдарды ұсыну тетігіне көшу ұсынылды. Бұл инвесторлардың уақытын үнемдеп, жобаларды іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін алу кезіндегі рәсімдердің күрделілігі де сөз болды. Бос жерлер туралы жүйелендірілген әрі қолжетімді ақпараттың болмауы, бизнес-жоспарларды келісу барысында туындайтын әкімшілік кедергілер және рәсімдердің екіұштылығы инвесторлар үшін қосымша тәуекелдер туғызады. Осыған орай әкімдіктерге бос жер телімдерін көрсететін онлайн карта әзірлеу, әр учаскеге техникалық паспорт дайындау және инвесторларға дайын тұжырымдамалар ұсыну бастамалары көтерілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді заңнамалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан пысықтау, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беру және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту қажеттігі атап өтілді.

Дөңгелек үстел өңірде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Изображение