ҚР Парламенті Мәжілісінде Өнімді бөлу туралы келісімдерді іске асыру және елішілік құнды дамыту мәселелері қаралды

13.02.2026
ҚР Парламенті Мәжілісінде Өнімді бөлу туралы келісімдерді іске асыру және елішілік құнды дамыту мәселелері қаралды

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі ғимаратында Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет жанындағы Жұмыс тобының отырысы өтті.

Отырыс Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен, Мәжіліс депутаттарының, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Изображение

Отырыс барысында жер қойнауын пайдаланушылардың елішілік құнды дамыту жөніндегі міндеттемелерін орындауы, тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттыру, сондай-ақ мұнай-газ жобаларын іске асыруға отандық өндірушілердің кеңінен қатысуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес төмендегі компаниялардың есептері тыңдалды:

• СНПС-Ақтөбемұнайгаз АҚ

• Бозашы Оперейтинг ЛТД

• Матен Петролеум АҚ

Талқылау барысында келісімшарттық міндеттемелердің сақталуы, отандық жеткізушілермен ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл тетіктерінің болуы, сондай-ақ ел ішінде орнықты өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған практикалық шаралар мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Изображение

Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша, Мәжіліс депутаттары, бизнес-қоғамдастық және Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері білдірген ұсыныстарды ескере отырып, тұрақты негізде жұмыс істейтін Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Жұмыс тобының құрамына Энергетика министрлігінің, салалық қауымдастықтардың, бизнес-қоғамдастықтың және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізіледі.

Жұмыс тәртібі келесідей айқындалды:

▪ Энергетика министрлігінің алаңында тоқсан сайын отырыстар өткізу;

▪ жарты жылда кемінде бір рет Мәжіліс қабырғасында Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен аралық нәтижелерді тыңдау.

Жұмыс тобын құру келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына жүйелі мониторинг жүргізуді, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыруды және елішілік құнды дамыту бойынша өлшенетін нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.