Өрт қауіпсіздігі мен ашықтық – бірлескен іс-қимылда

13.02.2026
Өрт қауіпсіздігі мен ашықтық – бірлескен іс-қимылда

Абай облысында Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.

Меморандумға Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Суйчинов пен Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы М.Қ. Шапағатов қол қойды. Кездесу барысында тараптар бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және кәсіпкерлер үшін ашық әрі түсінікті жұмыс тетіктерін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Құжат төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Камалов Рамиль Фаткулович бекіткен өрт қауіпсіздігі талаптарына объектілердің сәйкестігі туралы қорытынды беру кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жасалды.

Тараптар меморандум шеңберінде бірлескен кездесулер өткізуге, кәсіпкерлерге арналған түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруға уағдаласты. Күтілетін нәтиже — бизнестің қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасау және өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптардың сақталуын күшейту.