«Эйкос» ЖШС: Шина нарығындағы отыз жылдық белес
Абай облысының шина нарығында тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Эйкос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 30 жыл толды. Осы датаға орай өткен салтанатты жиын кәсіпорынның даму кезеңдерін қорытындылап, өндірістік қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы бағыттарын саралауға арналды.
Іс-шара барысында компанияның құрылу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу жолы таныстырылды. Кәсіпорынның өндірістік дамуы, жүзеге асырылған жобалар, серіктестік байланыстар және нарықтағы орны туралы мәліметтер ұсынылды. Компания тарихына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, негізгі белестер мен өндірістік жетістіктерге шолу жасалды.
Жиынға Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Е.Ә. Садыр қатысып, кәсіпорынның өңір экономикасын дамытудағы және өндірістік секторды нығайтудағы рөліне тоқталды. Компанияның қалыптасуына және өндірістің дамуына үлес қосқан қызметкерлердің еңбегі ескеріліп, көп жылғы тәжірибесі бар мамандар мен өндіріс ардагерлеріне марапаттар табысталды.
Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Суйчинов «Эйкос» ЖШС ұжымын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, кәсіпорынның өңірлік бизнес ортасының дамуына қосқан үлесі мен Палатамен қалыптасқан сындарлы әріптестігін ерекше атап өтті. Мерекелік іс-шара барысында компания басшылығына Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды. Сонымен қатар кәсіпорын жүзеге асырып отырған әлеуметтік бастамалар мен серіктестік жобалар да жоғары бағаланды. Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы компанияның өңір экономикасының дамуына қосқан үлесіне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта тұрақты өсім, жаңа өндірістік жетістіктер және іскерлік байланыстардың кеңеюіне тілектестік білдірді.