Түркістан облысында кәсіпкерлікке қатысты өзекті мәселелер көтерілді: ҰКП Төралқа Төрағасы өңірге жұмыс сапарымен келді
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі кәсіпкерлік ахуалды зерделеу, инвесторлар мен бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ өндірістік және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысу.
Жұмыс сапары Түркістан облысының әкімімен ресми кездесуден басталды. Кездесуге ҚР ҰКП тарапынан Төралқа Төрағасы, Басқарма төрағасының орынбасары, Өңірлік кеңес төрағасы және Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры қатысты.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қанат Шарлапаев Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне ерекше тоқталды:
– Түркістан облысынан бастағаныма қуаныштымын. Бұл – демографиялық әлеуеті жоғары, аграрлық секторы мықты, кәсіпкерлік белсенділігі өсіп келе жатқан аймақ. Елдің экономикалық өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналуға барлық мүмкіндігі бар өңір, – деді ол.
Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Өңірде 215 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша республикада көшбасшылар қатарындамыз. Кәсіпкерлік саласы – өңірдегі жұмыспен қамту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы. Бүгінде экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін арттыру, қайта өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инвестиция тарту бағытында нақты міндеттер тұр. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кәсіпкерлердің қаржысын және уақытын үнемдеу мақсатында шағын өндірістік парктер жобасын қолға алдық. Дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігімен ұсынылады. Түркістан облысында кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жүйелі өзара іс-қимылды күшейтуіміз қажет. Алдағы уақытта отандық бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп атқаратынымызға сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Жұмыс сапары Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесумен жалғасты. Шара барысында облыстың инвестициялық әлеуеті, бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері және кәсіпкерлерді мазалайтын өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынды Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп, салалық кеңестердің жұмысы мен жаңадан сайланған Өңірлік кеңес құрамын таныстырды.
– Кездесуіміздің негізгі мақсаты – өңір кәсіпкерлерін толғандыратын мәселелерді ашық әрі конструктивті форматта талқылау, нақты ұсыныстарды пысықтау. Сіздердің ұсыныстарыңыз алдағы жұмыс барысында ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданады. Біз үшін бизнестің әрбір үні маңызды, – деп атап өтті ол.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңірдің экономикалық даму қарқынына тоқталды. Оның айтуынша, 2023–2025 жылдары өткен Turkistan International Investment & Tourism Forum аясында жалпы құны 1,7 трлн теңгеден асатын меморандумдарға қол қойылған. Қаражат Сауран ауданындағы тоңазытқыш қондырғылар өндірісі, Созақтағы фосфат өңдеу зауыты, Мақтаарал мен Жетісайдағы тоқыма кластерлері сияқты ірі жобаларды іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті брендтерді қалыптастыру және «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы бизнесті несиелендіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Қанат Шарлапаев Түркістан облысы прокуратурасының мәжіліс залында «Инвестициялық климат – дамудың басты құралы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Жиында ол инвестициялық саясаттың стратегиялық маңызын атап өтті:
– Бүгінде инвестициялық саясат – мемлекеттік күн тәртібінің өзегі. Мемлекет басшысы инвестицияны экономикалық өсудің басты қозғаушы күші ретінде айқындады. Бақылауды күшейту инвесторларға әкімшілік қысым жасау емес, заңдылық пен жауапкершілікті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Біз құқық бұзушылықтан кейін әрекет етуден гөрі, оның алдын алу моделіне көшуіміз қажет. «Атамекен» палатасы прокуратура органдарымен бірлесіп әділ әрі болжамды құқықтық ортаны қалыптастыруға дайын, – деді ол.
Дөңгелек үстелде инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында анықталған проблемалар және оларды шешу жолдары қаралды.
Жұмыс сапары шағын өнеркәсіптік паркте жалғасты. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев өндірістік инфрақұрылым туралы баяндады.
Индустриялық даму қарқынын көрсететін кәсіпорындардың бірі – «BNK Group Ltd» ЖШС. Мұнда инновациялық капсулалық үйлер өндірісі жолға қойылған. Ал «Jasyl suyq Qazaqstan» ЖШС тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы тоңазытқыштар шығарумен айналысады. Кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, импортты алмастыру саясатын жүзеге асыруға үлес қосуда.
Сапар аясында ірі кәсіпорындар басшыларымен кездесу өтті. Онда өңірдегі өндіріс, инфрақұрылым және қолдау тетіктеріне қатысты мәселелер талқыланды.
Қорытынды кезеңде «Достық үйі» ғимаратында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы және «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесі аясындағы өнімдердің шағын көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңір кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесу өтті.
Жиын барысында бизнес өкілдері өз мәселелерін тікелей көтеріп, нақты ұсыныстарын білдірді. Қанат Шарлапаев барлық айтылған мәселелер Ұлттық палата тарапынан бақылауға алынатынын жеткізді:
– Ашық форматтағы кездесулер нақты нәтиже береді. Барлық ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралады, – деп түйіндеді ол.
Жұмыс сапары кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, Түркістан облысындағы кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға қосымша серпін берді.













