Қарағандыда нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі қорытындысын алу тәртібі түсіндірілді

13.02.2026
Қарағандыда нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі қорытындысын алу тәртібі түсіндірілді


Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Далешов өртке қарсы қызмет қорытындысы адамдар көп жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар үшін міндетті екенін түсіндірді. Бұл құжатсыз нысан пайдалануға берілмейді.

Негізгі баяндама жасаған Қарағанды облысы ТЖД техникалық нормалау бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Сұңғат Аманжолов мемлекеттік қызметті алу тәртібін түсіндірді.

«Өтініш eGov порталы арқылы беріледі. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі — 15 жұмыс күні. Тексеру нәтижесінде нысан талаптарға сай болса қорытынды беріледі, ал талаптарға сәйкес келмеген жағдайда бұзушылықтарды жою туралы негізделген бас тарту жолданады», — деді Сұңғат Мадетұлы.

Өз кезегінде Қарағанды облысы МСҚББ басқармасының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы бөлімінің басшысы Маржан Жүкенова өрт қауіпсіздігі талаптарын жобалау кезеңінен бастап ескеру қажеттігін атап өтті.

«ТЖД қорытындысы болмаса, нысан тіркелмейді. Жобада жіберілген қателіктер нысанды пайдалануға беруді кешіктіреді және қосымша шығындарға әкеледі», — деді Маржан Берікқызы.

Кездесу қорытындысы бойынша Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Төтенше жағдайлар департаменті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат талаптарды түсіндіру және бизнеске әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Калиев кездесуді қорытындылады.

 «Бизнес жаңа талаптарды алдын ала ескеріп, нысандарды пайдалануға беру кезінде қиындықтарға жол бермеуі тиіс. Палата мемлекеттік органдармен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жалғастырады», — деді Ерлан Калиев.