Болашаққа көпір: қазақстандық логистика ЕҚДБ қолдауымен жаһандық деңгейге көтерілуде
Халықаралық нарық үшін компания – АҚШ, Еуропа және Қытайдың технологиялық алпауыттарымен және инвесторларымен тең дәрежеде әріптестік орната алатын кемел әрі ашық ойыншы.
Жақында Jana Post компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) ресми түрде серіктесі атанды. Шағын бизнестің трансұлттық ойыншыға айналу жолы жайында және жаһандық даму институттары отандық технологиялық шешімдерге сенім артуының себебі туралы Jana Post басшысы Алмас Рысбеков айтып берді.
ЕҚДБ-ның қолдау бағдарламасына ену оңай емес, бұл – компания қызметінің барлық бағытын қамтитын терең аудит. Қазақстанда Еуропалық банктің басымдық берілген компаниялар тізіміне енгендер саусақпен санарлық.
Алмас Рысбековтің айтуынша, банк сарапшылары бизнесті төрт негізгі критерий бойынша бағалаған. Олар: корпоративтік басқару сапасы, қаржылық есептіліктің ашықтығы, соңғы үш жылдағы өсім қарқыны және ең бастысы – бизнес-модельдің халықаралық деңгейде ауқымдалуға дайындығы.
«Біз үшін ең күрделі талап – қаржылық есептілікті Еуропалық банктің қатаң стандарттарына сәйкестендіру болды. Бірақ бұл процесс логистиканы басқару бойынша өз IT-шешімдерімізді дамыту жұмыстарымен қатар жүрді. Нәтижесінде біз тек қаржыландыруды ғана емес, білімдегі олқылықтардың орнын толтырған ауқымды сараптамалық қолдауға ие болдық», – дейді Алмас Рысбеков.
Әлемдік нарықтардағы сапа белгісі
Іскерлік ортада ЕҚДБ серіктесі мәртебесін көбіне «қаржылық визасыз режим» деп атайды. Қытай, Еуропа және АҚШ-тың ірі маркетплейстері мен халықаралық инвесторлары үшін бұл компаниямен ең жоғары деңгейде жұмыс істеуге болатынын білдіреді.
«ЕҚДБ – бұл флагман. Оның стандарттары ең жоғары талаптар ретінде қабылданады. Біз жаңа елге кіргенде, осындай серіктестің болуы жергілікті нарықпен және провайдерлермен диалогты айтарлықтай жеңілдетеді», – деп атап өтті Jana Post басшысы.
Бұдан бөлек, серіктестік тек кредиттік желілермен шектелмейді. Банк компания капиталына кіру мүмкіндігін де қарастырады. Бұл Jana Post-ты стратегиялық тұрғыдан қорғалған әрі қаржылық тұрақты ойыншыға айналдырады.
Әзербайжаннан Кореяға дейін
Компанияның амбициясы Орталық Азиямен шектелмейді. Алдағы жылдары Қазақстанды қуатты логистикалық хабқа айналдыру жоспарланып отыр. Бүгіннің өзінде отандық тәжірибе Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарықтарына экспортталуда. Биылғы жол картасына Әзербайжан мен Моңғолия енген.
Компанияның қазіргі стратегиялық мақсаты – Қазақстанға қытай алпауыттарын ғана емес, АҚШ, Еуропа және Оңтүстік Корея платформаларынан да кедергісіз жеткізу тетігін жолға қою. Әңгіме тек шағын сәлемдемелер туралы болып отырған жоқ. Jana Post жиһаздан бастап автокөлікке дейін ірі көлемді жүктер бағытында да дамуды көздейді.
Аумағы орасан зор Қазақстанның өз ережелері бар. Поштаматтар мен тапсырыс беру пункттері (ТБП) арасындағы таңдау туралы сұраққа жауап бере отырып, Алмас Рысбеков компания қосарланған модельге басымдық беретінін айтты.
«Біз үнемі тәжірибе жасап отырамыз. ТБП – бұл уақыт сынынан өткен әрі Ozon сияқты алпауыттар қолданатын модель. Ол тұрақты өсім береді. Бірақ биыл біз өз бетімізбен постаматтар желісін іске қосып, жеке курьерлік қызметке инвестиция салуды жалғастырамыз», – дейді ол.
Компанияда ЕҚДБ-мен ынтымақтастықтың міндетті шарты болып есептелетін «жасыл» күн тәртібіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – ESG қағидаттарын енгізу, қаптамаларды кәдеге жарату, сондай-ақ қалалық курьерлер үшін экологиялық қауіпсіз көліктер – велосипедтер мен байктарды пайдалану жоспарланған.
Цифрлық МЖС – мемлекетке қолдау
Jana Post тек жүк тасымалдаумен шектелмейді. Компания Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы туралы ауқымды деректерді жинақтайды. Бұл ақпаратты компания Үкіметке және «Атамекен» ҰКП-ға өтеусіз ұсынуға дайын.
«Біз Қазақстанның не сатып алатынын, қандай тауарлар тапшы екенін нақты білеміз. Бұл деректерді Экономика министрлігімен бөлісіп, мемлекеттік органдардың дәлірек шешім қабылдауына ықпал еткіміз келеді», – деп атап өтті Рысбеков.
Сонымен қатар компания электрондық коммерцияны реттеу бойынша пилоттық жобаларға белсенді қатысуда. Мақсат – тұтынушылардың түпкілікті шығындарын азайту және транзиттік әрі ішкі ағындардың салықтық ашықтығын қамтамасыз ету үшін мемлекетке заңнаманы жетілдіруге көмектесу,
Қысқа уақыт ішінде мұндай серпіліске қалай қол жеткізгені туралы сұраққа Алмас Рысбеков: «Біз нақты шешім тауып, халық сұранысына жауап бердік», – деп қысқа қайырды.
Бүгінде кедендік реттеу мәселелерінде «Атамекен» ҰКП-ның қолдауына және жаһандық басқару саласында ЕҚДБ сараптамасына сүйене отырып, Jana Post қазақстандық сервистік өнімнің қалай бәсекеге қабілетті экспорттық тауарға айнала алатынының жарқын үлгісі болып отыр.
Сонымен қатар компания саладағы барлық ойыншылар үшін цифрлық шарттарды одан әрі жетілдіруге және алдағы уақытта бүкіл Кеден одағы аумағында электрондық коммерция мәртебесін енгізу мәселелерін талқылауға қатысуға ниетті екенін білдірді.