ОТӨ-ні қолдау және сатып алу жүйесін жетілдіру: «Атамекен» ҰКП-ның сатып алулар мәселелері бойынша жұмыс аптасының қорытындысы
Осы аптада ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы реттелетін сатып алулар аясында бизнестің мүдделерін қорғау және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында кешенді жұмыс жүргізді.
9 ақпанда «Казхимпром РЕАГЕНТ» ЖШС-нің офтейк-келісімшарт жасасу және «ионалмастырғыш шайыр» тауары бойынша сатып алуларға қатысу мәселесіне қатысты өтініші бойынша кеңес өтті. Талқылауға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-нің, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК өкілдері қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қазақстандық тауар өндірушілердің сатып алу процестеріне қатысуын кеңейтуге бағытталған ұсыныстар әзірленді.
10 ақпанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның әлеуетті жеткізушілердің жосықсыз қатысушылар тізілімінен шығаруға қатысты өтініштерін қарау жөніндегі Келісу комиссиясының отырысы өтті (14 өтініш қаралды).
11 ақпанда Палата «Теміржолдың жасанды құрылыстарын күрделі жөндеу бойынша кешенді жұмыстарды толығымен аяқтау» санатын Тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің бірыңғай номенклатурасына енгізу мәселесі бойынша жұмыс кеңесін ұйымдастырды. Іс-шараға «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның бейінді департаменттері қатысты. Қатысушылар саланың ерекшелігін ескере отырып, классификаторларды өзектендірудің маңыздылығын және отандық компаниялар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыру жолдарын талқылады.
12 ақпанда «Атамекен» ҰКП өкілдері Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Еділ Жанбыршиннің төрағалығымен өткен, жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын орындау аясында мұнай-газ жобаларында елішілік құндылықты дамыту мәселелеріне арналған кеңеске қатысты. Талқылау барысында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға және отандық тауар өндірушілерді қолдауды күшейтуге бағытталған жүйелі шаралар қаралды.
Сондай-ақ осы күні ҚР Қаржы министрінің орынбасары Дәурен Кеңбейлдің төрағалығымен құрылыс-монтаж жұмыстары саласындағы мемлекеттік сатып алулар мәселелеріне арналған кеңес өтті. Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалог аясында сатып алуларға қатысу кезіндегі өзекті проблемалар айқындалып, тиісті өзгерістерді бірлесіп пысықтау жөнінде шешім қабылданды.
13 ақпанда Палата өкілдері мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерінің Тізбесін қолдану мәселелері бойынша онлайн-кеңеске қатысты. Атап айтқанда, қазақстандық тауар өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, Тізбені кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар Палата өкілдерінің келісу және апелляциялық комиссиялардың жұмысына тұрақты түрде қатысуы қамтамасыз етіліп келеді. Бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларда кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін жедел қорғауға мүмкіндік береді.