«Корпоративтік семестр» және Серіктестік орталығы: «Атамекен» ҰКП бизнес пен ғылымды интеграциялаудың жаңа шараларын ұсынды
Алматыда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаеваның қатысуымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. «Бизнес және жоғары мектеп» сессиясы аясында «Атамекен» ҰКП Төралқасының Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Олжас Ордабаев кадр даярлау сапасы мен ғылымды өндіріске интеграциялау мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықтың ұстанымын таныстырды.
Палатаның соңғы сегіз жыл бойы жүргізген талдауы оң динамиканы көрсетіп отыр: түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі 74%-дан 83,7%-ға дейін өскен, ал алғашқы жұмысын іздеу уақыты орта есеппен 71 күнге дейін қысқарды, бұл өткен жылдармен салыстырғанда бір айға жылдамырақ. Жалпы өсімге қарамастан, сапалық алшақтық сақталуда: жас мамандардың 32%-ы әлі де жұмыссыз немесе тұрақсыз жұмыспен қамтылғандар санатында қалып отыр, ал аймақтық көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 74%-дан 91%-ға дейін өзгереді. Бастапқы табыс деңгейі бойынша медицина мамандықтарының түлектері көш бастап тұр – медиандық жалақы 237 682 теңге болды, ал ең төменгі көрсеткіш ветеринария саласында тіркелген – 146 473 теңге.

Олжас Ордабаевтың айтуынша, бүгінде жұмыс берушілер үш жүйелі мәселені атап көрсетуде:
Инженерлік тәжірибелік дағдылардың жеткіліксіздігі
Студенттердің нақты өндірістік кейстерге төмен деңгейде тартылуы
Өндірістік практиканың формалды сипаты
Аталған мәселелерді шешу және адами капитал сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» ҰКП инженерлік және технологиялық мамандықтар үшін міндетті «корпоративтік семестрді» енгізуді бастамашылық етуде. Бұл – студенттің бір оқу циклі бойы кәсіпорынның өндірістік үдерісіне нақты KPI мен тәлімгерлік арқылы толыққанды қатысуы. Сонымен қатар, Палата жоғары оқу орындары базасында микро-біліктіліктер нарығын іске қосуды ұсынады. Бұл – 8–12 апталық қысқа модульдік бағдарламалар арқылы AI және Data-аналитика сияқты өзекті дағдыларды жедел меңгеруге мүмкіндік береді.
Алқа отырысында қолданбалы ғылымға ерекше назар аударылды. Олжас Ордабаев «Атамекен» жанынан бизнес пен ғалымдар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Серіктестік орталығын құруды ұсынды. Орталық кәсіпорындардың технологиялық сұраныстарын жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін нақты ғылыми міндеттерге айналдырып, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға бөлетін 1% аударым қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
«Бизнес – бұл тек кадрларға тапсырыс беруші емес, білім беру бағдарламалары мен ғылыми жаңалықтардың тең авторы. Біз оқу жоспарларын аудиттен өткізу және бірлескен консорциумдар құру үшін өз инфрақұрылымымыз бен салалық кеңестерімізді ұсынуға дайынбыз. Ортақ мақсатымыз – әрбір зерттеудің нарықтық енгізілуін қамтамасыз ету және әрбір түлектің тұрақты жұмыс орнына ие болуына жағдай жасау», – деп түйіндеді спикер.

Практикалық қадам ретінде «Атамекен» ҰКП Серіктестік орталығының пилоттық жобаларын бес негізгі салалық бағытта іске қосуды ұсынады: өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және АКТ. Бұл үшін негіз дайын – 1,5 мыңнан астам ірі және орта кәсіпорын қолданбалы тізбектер аясында жұмысқа қатысуға әзір. Осындай терең ықпалдастық қана Қазақстанға кадр даярлаумен шектелмей, елдің жаңа технологиялық элитасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.