Табиғат, бизнес және инвестициялар: Катон-Қарағай ауданында экотуризмді қалай дамытпақ

16.02.2026
Табиғат, бизнес және инвестициялар: Катон-Қарағай ауданында экотуризмді қалай дамытпақ

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында Катон-Қарағай ауданында экологиялық туризмді дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, ұлттық парктің, жергілікті атқарушы құрылымдардың және бизнес өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе - Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамасын таныстыру болды. Баяндамамен парк бас директорының орынбасары Александр Кобзев сөз сөйлеп, нақты туристік маршруттар мен жоспарланып отырған нысандарға кеңінен тоқталды.

«Катон-Қарағай ұлттық паркі бүгінде тек қорғалатын табиғи аумақ қана емес, сонымен қатар экотуризмнің тартымды орталығы. Біз туристерге Алтай табиғатымен танысуға мүмкіндік беретін, табиғатқа зиян келтірмейтін бағыттарды дамытуды ұсынамыз», - деді Александр Кобзев.

Оның айтуынша, басым бағыттардың бірі — ұзындығы шамамен 34 шақырымды құрайтын «Ақ Берел» атты атпен және жаяу жүретін туристік маршрут. Бұл бағыт парк аумағындағы көрікті жерлермен, соның ішінде Язевое көлі маңымен өтеді және жазғы маусымда 7–10 күнге арналған. Маршрут бойында глэмпингтер, киіз үй қалашықтары мен қысқа мерзімді шатырлы лагерьлер салу жоспарланған.

«Бұл маршрут жаппай туризмді емес, табиғатқа терең бойлауды қалайтын туристерге бағытталған. Біз шағын топтар, экологиялық орналастыру форматтары және аумаққа түсетін жүктемені қатаң бақылау туралы айтып отырмыз», — деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ ұзындығы шамамен 30 шақырым болатын «Орман жолдары» маршруты да перспективалы бағыт ретінде аталды. Бұл бағыт 2–3 күнге арналған жаяу, атпен және автокөлікпен саяхаттауға лайықталып, маусымнан қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Жоба аясында бақылау алаңдарын, демалыс орындарын, автотұрақтар мен санитарлық аймақтарды абаттандыру көзделген.

Кеңес барысында қатысушыларға Ақ Берел өзені бойымен су туристік маршрутын құру, сондай-ақ белсенді және отбасылық туризмнің жаңа бағытына айналуы мүмкін Бұқтырма көліне туристік-экскурсиялық маршрут ашу жоспарлары да таныстырылды.

Кеңестің жеке бір бөлігі ұлттық паркке іргелес ауылдық округтер аумағындағы инвестициялық жобаларға арналды. Баяндамамен Катон-Қарағай ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанна Аскарова сөз сөйледі.

«Бүгінде бизнес экотуризмді дамытуға тұрақты қызығушылық танытып отыр. Бұл - эко-қонақ үйлер, глэмпингтер, киіз үй қалашықтары, сондай-ақ ұлттық парк маршруттарымен үйлесімді жұмыс істейтін сервистік нысандарды құру», — деді Жанна Аскарова.

 Оның айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асыру туристер ағынын арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кеңеске қатысушылар Катон-Қарағай ауданында экологиялық туризмді дамыту инфрақұрылымдық мәселелерді — жолдар мен көпірлерді салу және жөндеу, байланыс пен инженерлік желілерді дамыту жұмыстарымен қатар жүргізілуі тиіс деген ортақ пікірге келді.

«Біздің міндетіміз — инвестициялық жобалар ашық түрде әрі табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып іске асуы үшін мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты жолға қою», — деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және Катон-Қарағай ауданында экологиялық туризмді дамытудың қолайлы жағдайларын қалыптастыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Экотуризм бұл өңірдің орнықты дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.