Қарағанды облысында инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері талқыланды
Қарағанды облысында инвесторлар өз құқықтарының нақты қорғалуы мен мүдделерінің сақталуына сенім арта алады. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының бастамасымен Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бұл — бизнес мәселелерін жедел шешуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвесторлардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылдың жаңа форматы.
Бүгінде әр өңірде облыс прокурорлары инвестициялық прокурорлардың функцияларын атқарады, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін және бизнеске практикалық қолдау көрсететін жұмыс топтары жұмыс істейді. Инвесторлармен жұмыс істеудің жаңа құралдары мен қолдау шаралары мемлекеттік органдар, прокуратура, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастығының қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инвесторлардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Біздің міндет — өңірді инвесторлар ұзақ мерзімге келетін мүмкіндіктер аймағына айналдыру. Жұмыс ашықтық, заңдылық және әріптестік қағидаттарына негізделеді», — деді облыс әкімі.
Прокуратура осы қағидаттардың сақталуына кепілдік береді. Өңірде «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілген, ол инвесторлардың мүдделеріне қатысты мемлекеттік органдардың шешімдерін міндетті түрде келісуді көздейді. Нәтижесінде 23 негізсіз тексеру тоқтатылып, 88 жағдайда инвесторларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмеді, ал жобаларды сүйемелдеу барысында 65 проблемалық мәселе шешімін тапты.
Өңірде «бір терезе» қағидаты іске асырылған, инвестициялық штаб жұмыс істейді және жаңа инвестициялық стратегия жүзеге асуда. Ол бойынша қала және аудан әкімдері инвестициялық жобаларды іске асыруға дербес жауап береді. Бүгінде өңірлік пулға 124 инвестициялық жоба енгізілген, олардың бір бөлігі іске асырылу кезеңінде.
Кездесу барысында Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалогты қамтамасыз ететін негізгі институт ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығынан жүйелі кері байланыс жинап, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, инвесторлардың құқықтарын қорғауға және заңнаманы әрі құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге белсенді қатысады. Сараптамалық және жұмыс топтары арқылы Палата әкімшілік кедергілерді азайтуға, реттеуші тәуекелдерді төмендетуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында тұрақты және болжамды инвестициялық климат мемлекет, қадағалау органдары және бизнес қауымдастығы арасындағы тиімді өзара іс-қимыл негізінде қалыптасатыны атап өтілді. Бұл жүйеде Кәсіпкерлер палатасы бизнес құқықтарын қорғау мен инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің негізгі институттарының бірі болып табылады.
Алдағы кезеңде өңірде инвесторларды сүйемелдеудің қолданыстағы жүйесін одан әрі күшейту, қолдау құралдарын кеңейту және инвестициялар тартуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды азайту жұмыстары жалғасады.