Ақтөбеде «Атамекен» алаңында кәсіпкерлік саласындағы құқық қолдану тәжірибесі талқыланды.
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиын бизнес үшін ең өзекті мәселелердің бірі — құқықтық айқындық пен құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігіне арналды.
Отырысты Кеңестің жаңадан сайланған төрағасы Абдухат Мырзалин жүргізді. Кездесуді аша отырып, ол бүгінгі таңда заң нормаларын жай ғана түсіндіру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнеске түсінікті әрі болжамды ойын ережелерін қамтамасыз ететін ортақ тәсілдерді қалыптастыру аса маңызды. Оның айтуынша, мұндай талқылаулар — формалды семинар емес, нақты шешімдер әзірлеудің және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің жұмыс тетігі.
Кеңестің қызметі туралы ӨКП директорының орынбасары Руслан Куйшинов жан-жақты баяндады. Ол Кеңестің бизнестің жүйелі мәселелерін қарайтын, кәсіпкерлердің өтініштерін және бақылау-қадағалау органдарының тәжірибесін талдайтын тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган екенін еске салды. Кеңес прокуратурамен, әкімдікпен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жұмыс істейді және бизнес пен мемлекет арасындағы ашық кәсіби диалог алаңы болып табылады.
Сонымен қатар, 14 қаңтардағы «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің шешімімен облыстық кеңестің төрағасы болып Мырзалин Абдухат Капанович бекітілгені ерекше атап өтілді. Оның кәсіби тәжірибесі өңірде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірілді.

Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын қолдану мәселесі болды. Қатысушылар әкімшілік актілерді қабылдау тәртібін, рәсімдік талаптардың сақталуын, сондай-ақ заңдылық пен пропорционалдық қағидаттарын талқылады. Бизнес үшін бұл тікелей болжамдылықпен байланысты: мемлекеттік органдардың шешімдері қаншалықты негізді, рәсімдер сақталған ба, дау туындаған жағдайда құқықтарды қорғаудың нақты тетігі бар ма. Бірыңғай сот практикасы әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға және даулар деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Баяндамалармен Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Айгүл Абдуллина және МАӘС судьялары – Жеңіскүл Сұлтанова, Асылхан Әбілғазина сөз сөйледі. Судьялар атап өткендей, қатаң процессуалдық тәртіп – бұл, ең алдымен, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың кепілі.

Жеке блок Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге арналды. Мемлекеттік сатып алу саласы бизнес үшін ең сезімтал бағыттардың бірі болып қала береді, мұнда нормаларды әртүрлі түсіндіру дауларға және адал емес тәжірибе тәуекелдеріне әкелуі мүмкін. Заңнамадағы жаңашылдықтар мен сот практикасы туралы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Алғабек Жүсіпов және судья Қазтуғанова Бибінұр баяндады.
Талқылау сұрақ-жауап форматына ұласқан ашық диалог түрінде өтті. Бұл қатысушыларға нақты практикалық жағдайларды жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Отырыс 2026–2027 жылдарға арналған Ақтөбе облысында кәсіпкерлер үшін жағдайды жақсарту жөніндегі Бірлескен жоспарды іске асыру аясында өтті. Құжатқа қаңтар айында облыс прокуроры Марат Әбішев, облыс әкімі Асхат Шахаров және Кәсіпкерлер палатасының директоры Боранқұлов Дидар қол қойған. Аталған құжат өңірде ашық әрі болжамды іскерлік ахуалды қалыптастыруға бағытталған.
