Атырау кәсіпкерлері өңір басшысына өзекті мәселелерін жеткізді

16.02.2026
Атырау кәсіпкерлері өңір басшысына өзекті мәселелерін жеткізді

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы бастамасымен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен шағын және орта бизнес өкілдерінің кездесуі өтті. Іс-шара Атырау облысының прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Жиынға облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев қатысты.

Кездесу форматы дәстүрлі сипат алған: кәсіпкерлер өңір басшылығына өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, прокуратура органдарынан құқықтық түсіндірмелер алады.

Іс-шараға сондай-ақ аудан әкімдері, бейінді басқармалар басшылары, даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің және монополист кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Серік Шәпкенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жүктеген тапсырмалар өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Басым бағыттардың қатарында — әкімшілік кедергілерді азайту, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бар.

Оның айтуынша, 2025 жылы қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жалпы сомасы 64,1 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Өңір басшысы «Атырау» арнайы экономикалық аймағын құру мәселесіне де ерекше тоқталды.

«Үкіметтің қолдауымен “Атырау” АЭА құрылды, оның аумағы 450 гектарды құрайды. Ол Атырау және Құлсары қалаларындағы өнеркәсіптік аймақтарды қамтиды. Негізгі мақсат — өндірісті оқшаулау және жергілікті қамтуды арттыру. Қазірдің өзінде 80-нен астам кәсіпорын құру бойынша ұсыныстар бар. Бұл — жергілікті бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», — деді облыс әкімі.

Изображение

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев Палатаның негізгі міндеттері мен бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары туралы, атап айтқанда, «Іскер аймақ» бірыңғай шағын бизнесті қолдау бағдарламасы жөнінде ақпарат берді.

Изображение

Кездесу әрі қарай «ашық микрофон» форматында өтті.

Құлсары қаласының кәсіпкері Ильмира Якшыбаева 1,5 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа қатысты жағдайды баяндады. Оның айтуынша, жабдықтардың қымбаттауына байланысты бизнесіне қолайлы басқа модельді сатып алуға мәжбүр болған. Алайда уәкілетті орган 450 мың теңгені қайтаруды талап еткен.

Изображение

Серік Шәпкенов растайтын құжаттар болған жағдайда қаражатты мақсатсыз пайдалану туралы сөз болмайтынын айтты. Ол бейінді басқармаға прокуратурамен бірлесіп жағдайды жан-жақты зерделеп, медиативтік келісім жасау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Өңір басшысы мұндай жағдайларда қаражаттың нақты мақсатты жұмсалуын ескере отырып, объективті тәсіл қажет екенін атап өтті.

«Шапағат» Қазақстан әйелдер-кәсіпкерлері одағы филиалының жетекшісі Айгүл Баямирова жер телімдерін рәсімдеу кезіндегі ұзақ рәсімдер мен жоғары тарифтер мәселесін көтерді.

«Бес жыл жүріп, 3 гектар жер телімін әрең алдым. Критерийлерге сәйкес келмеуіне байланысты ұзақ уақыт рәсімдей алмадым. Рәсімдеу қымбат, тарифтер жоғары. Ауыл бизнесі үшін бұл — үлкен жүк», — деді ол.

Изображение

Кәсіпкерлер сондай-ақ субсидия алу, мектептегі тамақтануды ұйымдастыру, каналдардың жағдайы және шаруа қожалықтарын тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Изображение

Кәсіпкер Бауыржан Сәрсембиев Сарыөзек каналында судың жоқтығына назар аударды.

«Сарыөзек каналында малға су жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық бөлім шаралар қабылдауда, бірақ түбін тереңдету және қызмет көрсету бойынша жүйелі жұмыс қажет», — деді ол.

Іс-шара барысында құқықтық баға беруді және қосымша тексеруді талап ететін өзге де мәселелер айтылды. Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев оларды жеке бақылауына алды.

Изображение

Кездесуге барлығы 150-ге жуық бизнес субъектісі қатысты. Облыс әкімі барлық көтерілген мәселелерді кездесу хаттамасына енгізіп, оның негізінде жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, кейбір мәселелер бойынша түсіндірмелер беріліп, алдын ала шешімдер тікелей кездесу барысында қабылданды.

Изображение