Қазақстан мен Жапония ауылдық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуда

16.02.2026
Қазақстан мен Жапония ауылдық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуда

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы жергілікті бизнесті дамытуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы бойынша Бірлескен үйлестіру комитетінің отырысы өтті.

Отырысқа онлайн форматта JICA жобасының Қырғыз Республикасындағы аға өкілі Кохтаро Нишигата қатысты. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту, сервистік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі департаменттің басқарушы директоры Гүлия Жүнісова және JICA-ның «Қырғызстандағы БАБӨ өнімі» жобасының аға кеңесшісі Харагучи Акихиса төрағалық етті. Кездесуге сондай-ақ JICA сарапшылары, жоба үйлестірушісі мен жоба командасының мүшелері қатысты.

Екі сағатқа созылған мазмұнды диалог барысында тараптар 2025 жылғы жұмыс қорытындысын шығарып, 2026 жылға арналған стратегиялық жоспарды таныстырды. Жапониялық серіктестер өнім сапасын жүйелі түрде арттыру және баға саясатын оңтайландыру бойынша сараптамалық ұсыныстар ұсынып, жергілікті өндірушілерді жаңа бәсекелестік деңгейге шығарудың нақты тетіктерін ұсынды.

Жобаның басты артықшылықтарының бірі – жапон тарапы іріктеген қазақстандық финалистердің бір бөлігінің 2026 жылы Токиода өтетін беделді халықаралық Foodex көрмесіне қатысу мүмкіндігі. Осы іс-шараға дайындық аясында «Атамекен» ҰКП қатысушыларға жан-жақты сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, өнімдерді халықаралық стандарттарға бейімдеуге және шетелдік байерлермен тікелей байланыс орнатуға жәрдемдеседі. Аталған жаһандық алаңда іріктелген отандық өнімдер Палатаның белсенді сүйемелдеуімен Қазақстанның экспорттық әлеуетін лайықты түрде таныстырады деп күтілуде.

Кездесу қарсаңында жапон делегациясының Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапары маңызды оқиға болды. Шетелдік сарапшылар Өскемен өңіріндегі өндірістік үрдістермен танысып, табиғи балдың бірегей қасиеттерін ерекше атап өтті. Омарташылар мен марал шаруашылығы өкілдерімен өткен кездесулер барысында бұл салалардың халықаралық ынтымақтастық үшін жоғары әлеуетке ие екені айтылды.

Отырыс соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділіктерін растап, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын «Бір ауыл – бір өнім» бастамасын тиімді іске асыруға дайындықтарын білдірді.