«Атамекен» ҰКП «СТ-KZ» сертификаттарын берудің жаңартылған тетігіне көшкенін хабарлайды

17.02.2026
«Атамекен» ҰКП «СТ-KZ» сертификаттарын берудің жаңартылған тетігіне көшкенін хабарлайды

2026 жылдан бастап Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар (бұдан әрі – АЭА) мен еркін қоймалар (бұдан әрі – ЕҚ) резиденттері үшін тауардың шығу тегін растау тәртібі қайта қаралды. Ұлттық палата Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығымен бекітілген, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға және экспорттық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған тауарды растаудың жаңа тетігін енгізді.

Негізгі жаңашылдық – шығу тегін растау тізбегінен үшінші тараптағы сараптамалық ұйымдарды алып тастау. Енді өтініш берушілерге сыртқы сарапшыларды тарту қажет емес, өйткені барлық талдамалық жұмыстарды өңірлік кәсіпкерлер палаталарының уәкілетті тұлғалары шарттық негізде өздері жүргізеді. Бұл тәсіл құжаттарды рәсімдеу кезінде бизнес үшін уақыт пен қаржылық шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Жаңартылған «СТ-KZ» сертификаты әмбебап құрал ретінде АЭА мен еркін қоймалар аумақтарынан өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспорттауға да, елдің қалған аумағына шығаруға да жол ашады. Процедура ЕЭО Кеден кодексінің нормаларына және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2016 жылғы 12 тамыздағы №5 шешіміне сәйкес халықаралық міндеттемелерге толық сай келеді. Жаңа тәртіп процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, бюрократиялық жүктемені азайтады және құжат алуды жеңілдетеді.

«СТ-KZ» сертификатын алу шарттарының бірі – қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін ҚТӨ реестрі арқылы растау, сондай-ақ АЭА мен ЕҚ аумақтарында қызмет атқаруды дәлелдейтін құжаттарды ұсыну. Өтінім беру бойынша қадамдық нұсқаулықпен Ұлттық палатаның ресми сайтындағы «Сервистер және қолдау» бөлімінің «Сертификаттау» бөлімшесінде танысуға болады.

«СТ-KZ» сертификатын алу тәртібі жөнінде толық ақпарат алу үшін Ұлттық палатаға (+7 7172 919 359) немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталарына хабарласуға болады.

Тауардың шығу елін айқындаудың Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығымен бекітілген жаңа тәртібімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2100023514