Бес жылдық лицензиялау және дәрі-дәрмек бағасы: бизнес пен мемлекеттің ұстанымдары ҰКП алаңында талқыланды
ҚР ««Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында медициналық қызметке лицензия беру мерзімін 5 жылға енгізу және дәрілік заттардың көтерме әрі бөлшек сегменттеріндегі бағаны қайта реттеу мәселелеріне арналған кеңейтілген отырыс өтті.
Биыл қаңтар айында Үкімет жеке меншік денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін қайта қарау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы құжат аясында медициналық қызметті жүзеге асыруға берілетін лицензияның 5 жылдық мерзімін енгізу және белгіленген стандарттарға сәйкестікті міндетті түрде қайта бағалау қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтың айтуынша, лицензиялау тәсілдерін қайта қарауға бақылау жүйесіндегі жүйелі проблемалардың анықталуы себеп болған. 2025 жылы жүргізілген тексерулер барысында лицензиясыз және біліктілік талаптарын сақтамай медициналық қызмет көрсеткен фактілер тіркелген. Атап айтқанда, шамамен 1,9 мың процедуралық кабинет анықталып, соның 400-ге жуығы лицензиясыз жұмыс істеген. Стоматология саласында да елеулі заңбұзушылықтар белгілі болды: қолданыстағы лицензиясы бола тұра, нақты медициналық қызмет көрсетпеген ондаған ұйым анықталған.
«Қолданыстағы лицензиялау моделі денсаулық сақтау субъектілерінің барлығын қамтуға мүмкіндік бермейді. Бұған тәуекелге негізделген тәсіл әсер етеді: кейбір ұйымдар төмен тәуекел санатына жатады, сол себепті тұрақты бақылаудан тыс қалып қояды. Осыған байланысты лицензияға мерзім белгілеу медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған басқарылатын әрі ашық жүйе қалыптастырудың бір тетігі ретінде қарастырылып отыр. Біз үшін медициналық ұйымның нақты түрде қызмет көрсетіп отырғанын және белгіленген стандарттар мен біліктілік талаптарына толық сай келетінін растау аса маңызды. Бес жылдық лицензиялауды енгізудің әртүрлі нұсқаларын, соның ішінде жеңілдетілген форматтарды да бизнеспен талқылауға дайынбыз», — деді Бауыржан Жүсіпов.

Алайда кәсіпкерлік қоғамдастық медициналық қызметке 5 жылдық лицензия енгізуге байланысты бірқатар жүйелі тәуекелдерді атап өтті. Ең алдымен, өтпелі кезеңде денсаулық сақтау жүйесінің тұралап қалу қаупі бар. Елде шамамен 20 мың медициналық ұйым жұмыс істейтінін ескерсек, жаңа лицензиялау ережелеріне бір мезетте көшу тетігі түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін деген қауіп бар.
«Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Менханым Қалдыбаеваның айтуынша, Комитет қызметкерлері мұндай жүктемені көтере алмай, барлық медициналық ұйымдардың лицензиясын бір уақытта қайта рәсімдеуге үлгере алмауы мүмкін. Егер клиника жаңа лицензияны уақытында ала алмаса, заң талаптарына сәйкес қызметін тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл пациенттердің уақытша медициналық көмек ала алмауына, кезектердің өсуіне және қызмет қолжетімділігінің төмендеуіне әкелуі ықтимал. «Екінші маңызды тәуекел — саланың инвестициялық тартымдылығының төмендеуі. Денсаулық сақтау ұзақ мерзімді қайтарымы бар сала екені белгілі, ал реттеуші талаптардың кез келген өзгерісі инвесторларда алаңдаушылық туғызады. Мемлекеттік саясат, керісінше, жеке инвестиция тартуға бағытталған, өйткені бұл бюджетке түсетін жүктемені азайтады. Ал ережелер тұрақсыз болған жағдайда инвесторлар басқа нарықтарға бет бұрады», — деді Менханым Қалдыбаева.
Отырыста дәрілік заттардың көтерме және бөлшек сегменттеріндегі бағаны қайта реттеу мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ президенті Марина Дурманова өз баяндамасында фармацевтика саласына тұрақтылыққа қауіп төндіретін бірнеше жүйелі фактор әсер етіп отырғанын айтты. Соның негізгісі – бағаларды реттеу. Бірқатар препараттардың бағасы 60–90%-ға дейін төмендетілген, бұл нарыққа кейінірек байқалатын жағымсыз салдардың туындауына әкелді.
По итогам 2025 года фармацевтический рынок сократился более чем на 12% в натуральном выражении, а предварительные данные за 2026 год указывают на сохранение отрицательной динамики. Одновременно фиксируются перебои с базовыми лекарственными средствами и сокращение ассортимента, особенно в низком и среднем ценовых сегментах, что напрямую влияет на доступность препаратов для населения.
2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық нарық нақты көлемде 12 пайыздан астам қысқарды. Ал 2026 жылға арналған алдын ала деректер теріс динамиканың сақталып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар базалық дәрілік заттар бойынша үзілістер мен ассортименттің, әсіресе төмен және орта баға сегменттерінде, қысқаруы тіркеліп отыр. Бұл жағдай халық үшін дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.
«Бір қаптаманың орташа бағасының өсуі нарық қатысушыларының алыпсатарлық әрекеттерімен байланысты емес. Бұл ассортимент құрылымының өзгеруімен, соның ішінде таңбалауды енгізгеннен кейін таблетка немесе капсула саны көп қаптамаларға көшуімен түсіндіріледі. Қазірдің өзінде қолжетімді баға сегменттерінде ассортименттің қысқаруы мен базалық препараттар бойынша үзілістер байқалады, бұл халықты дәрілік қамтамасыз етуге қауіп төндіреді», — деді Марина Дурманова.
Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар медициналық қызметті лицензиялау және дәрілік заттардың көтерме әрі бөлшек сегменттеріндегі бағаны реттеу мәселелері бойынша мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты жалғастыру қажет деген ортақ пікірге келді.