Қарағандыда Псков облысы кәсіпорындарымен B2B-кездесу өтті

17.02.2026
Қарағандыда Псков облысы кәсіпорындарымен B2B-кездесу өтті

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Ресей Федерациясының Псков облысы кәсіпорындарының делегациясымен B2B-кездесу өтті.

Кездесуді ашқан Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Қалиев өңіраралық өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызын атап өтті.

«Қарағанды облысы — өнеркәсіптік базасы мен логистикасы дамыған индустриялық өңір. Біз тек дистрибьюторлық қатынастарды дамытуға ғана емес, өндірістерді жергіліктендіруге және бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделіміз», — деді Ерлан Қалиев.

Қарағанды облысы өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қопаев өңірдің экономикалық басымдықтарын, инвестициялық жобаларды, индустриялық алаңдар мен арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін таныстырды.

«Бүгінде облыста қолайлы инвестициялық орта қалыптасуда. Индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Біз инвесторларды сүйемелдеуге және өңірдің тиімді логистикалық орналасуын ескере отырып, өндірістерді орналастыруға жағдай жасауға дайынбыз», — деді Сержан Қопаев.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қарағанды облысы аумағында өндірістерді жергіліктендіру мүмкіндіктерін талқылады. Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетіне, елордаға жақындығына және жүк хабының қалыптасуына ерекше назар аударылды.

Презентациялар барысында өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа арналған кабель өнімдері, электр жабдықтары мен өндірістік аккумуляторлар, абразивті өңдеуге арналған жабдықтар, сондай-ақ жоғары қорғаныш қасиеттері бар заманауи құрылыс материалдары — коррозияға қарсы жабындар, гидрооқшаулау және герметизация жүйелері таныстырылды.Компания өкілдері өнімді Қазақстан нарығының талаптарына бейімдеуге және өндірістік кооперацияны дамытуға дайын екендерін жеткізді.

Псков облысы делегациясы атынан сөз сөйлеген кәсіпорын өкілдері өнеркәсіптік әріптестікті дамытуға қызығушылық білдірді.

«Құрылыс саласы жаңа технологиялық шешімдер мен бірлескен жобаларға мүдделі», — деді құрылыс секторының өкілі Төлеген Әшімов.

Пленарлық бөлімнен кейін кездесу B2B келіссөздер форматында жалғасты. Қарағанды облысы тарапынан сауда, құрылыс және машина жасау салаларындағы шамамен 20 кәсіпорын қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.