Қарағанды облысында IT саланың жүйелік кедергілерін көтерді
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында IT кеңесінің отырысы өтті. Жиында бизнес, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар өкілдері цифрлық ортаны дамыту, кадр даярлау және IT саласының өсуіне кедергі келтіретін жүйелік мәселелерді талқылады.
Кездесуді ашқан Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Қалиев бизнес пен жүйелі диалогтың маңызын атап өтті.
«Кеңес — саланың өзекті мәселелерін ашық талқылап, нақты ұсыныстар әзірлейтін алаң. Біздің міндет — IT сектор мен өңірдің цифрлық экономикасының дамуына ықпал ететін тиімді шешімдер қалыптастыру», — деді Ерлан Құралұлы.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — өңірлік компаниялардың АХҚО арқылы тіркелуі және салықтық байланым мәселесі болды. Қатысушылар компаниялардың нақты қызмет жүргізетін өңірінде салық төлеу тетігін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
«Салықтың әділ байланымын қамтамасыз ету маңызды. Өңірлерде жұмыс істейтін компаниялар жергілікті экономиканың дамуына өз үлесін қосуы тиіс», — делінді талқылау барысында.
Жиында кадрлық әлеуетті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. IT компанияларында тағылымдамадан өткен студенттердің білім кредиттерін есепке алу мүмкіндігі қарастырылды.
«Тәжірибеге негізделген дайындық — саланы дамытудың басты шарты. IT компанияларындағы тағылымдамалар студенттердің нақты кәсіби құзыреттерін қалыптастырып, білім кредиттері ретінде есептелуі қажет», — деді IT кеңесінің төрағасы Сабир Ниязов.
Саладағы жүйелік мәселелер туралы «Датанет» ЖШС директорының орынбасары Олег Емельянов баяндады. Оның айтуынша, IT бизнес бағдарламалық өнімдерді тізілімдерге енгізу, локализация талаптары мен сертификаттау рәсімдеріне байланысты бірқатар әкімшілік және техникалық шектеулерге тап болып отыр.
«Бүгінде рәсімдердің ашықтығын арттырып, әкімшілік жүктемені азайту және отандық IT әзірлемелердің дамуына жағдай жасау маңызды. Тізілімдер нарықты дамытуға қызмет етуі тиіс, кедергі болмауы керек», — деді Олег Емельянов.
Сондай-ақ отырыста IT кеңесінің құрамын жаңарту және жаңа қатысушыларды тарту мәселесі қаралды.
«Бизнес неғұрлым белсенді қатысқан сайын, Кеңес жұмысы соғұрлым нәтижелі болып, саланың ұстанымы күшейе түседі», — деп қорытындылады Ерлан Калиев.