Дамуға бастар жол: ШҚО-да ауыл және туристік бизнеске кедергі жойылды

18.02.2026
Дамуға бастар жол: ШҚО-да ауыл және туристік бизнеске кедергі жойылды

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. 2024 жылы анықталған кезекті мәселе Ұлкен Нарын ауданында шешімін тапты.

Катон-Қарағай ауданы Кәсіпкерлер палатасының филиалына «Абзал» шаруа қожалығының басшысы Абзал Болатов шаруашылық базасына апаратын иесіз автомобиль жолына қатысты мәселе көтеріп жүгінді. Ұзындығы 1,2 шақырым болатын бұл учаскенің автожол мәртебесі болмағандықтан, аудандық маңызы бар жолдардың балансында тіркелмеген. Бұл жағдай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға елеулі кедергілер келтірген.

«Абзал» шаруа қожалығы марал өсірумен, пантоемдеу қызметтерін көрсетумен айналысады, сондай-ақ туристер мен демалушыларды қабылдайды. Алайда бұл өңірде қыс мезгілі 7-8 айға созылатындықтан, жолдың баланс ұстаушысының және арнайы жол техникасының болмауы қысқы кезеңде жолды уақтылы қардан тазалауды мүмкін емес етті. Нәтижесінде шаруашылық нысанына клиенттер мен қызметкерлердің, сондай-ақ жеткізушілердің қатынауы шектеліп, кәсіпорынның қызметіне кері әсерін тигізді.

Катон-Қарағай ауданы Кәсіпкерлер палатасының филиалы өтінішті қарау нәтижесінде аталған учаскеге автожол мәртебесінің болмауына байланысты жергілікті сипаттағы әкімшілік тосқауылды анықтады.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова мұндай мәселелер ауылдық аумақтардың инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Бизнес нысандарына апаратын кірме жолдардың құқықтық мәртебесінің болмауы – аудандарда жиі кездесетін мәселе. Бұл жағдайда кәсіпкер, әсіресе қыс мезгілінде, қалыпты жұмыс жағдайын қамтамасыз ете алмады. Палатаның міндеті - мұндай тосқауылдар кәсіпкерліктің дамуын тежемеуі үшін жүйелі шешімдерге қол жеткізу», - деді Айжан Жангирханова.

Катон-Қарағай ауданы Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Болат Канапин 2024–2025 жылдар аралығында бұл мәселе жергілікті атқарушы органдармен бірнеше рет талқылауға шығарылғанын хабарлады.

«Палатаның жүйелі жұмысы мен әкімдікпен өзара іс-қимылдың арқасында аталған учаскені аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесіне енгізуге қол жеткізілді. Бұл жолды алдағы уақытта мемлекет есебінен күтіп ұстауға, тазалауға және қызмет көрсетуге құқықтық негіз қалыптастырады», - деді Болат Канапин.

Кәсіпкердің өзі бұл мәселенің шешілуі шаруашылықтың тұрақты жұмысы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Қыс мезгілінде жолды толықтай қар басып, біз іс жүзінде оқшауланып қалатынбыз. Бұл туристерді қабылдауға да, қызметкерлердің жұмысына да әсер етті. Кәсіпкерлер палатасының қолдауының арқасында мәселе орнынан қозғалып, бизнесті одан әрі дамытуға сенім пайда болды», - деп бөлісті «Абзал» ШҚ басшысы.