Қарағандыда кәсіпкерлерге «Іскерлік байланыстар» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысу шарттары түсіндірілді

19.02.2026
Қарағандыда кәсіпкерлерге «Іскерлік байланыстар» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысу шарттары түсіндірілді


Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында «Іскерлік байланыстар» құралы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына арналған семинар өтті. Іс-шара офлайн форматта ұйымдастырылып, Zoom платформасы арқылы тікелей көрсетілді. Жалпы саны 50-ге жуық кәсіпкер қатысты.

Семинар спикері — Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Қасымова.

Кездесуді аша отырып, ол «Іскерлік байланыстар» құралының мақсаты халықаралық кооперацияны дамыту және кәсіпкерлердің басқарушылық құзыреттерін арттыру екенін атап өтті.

«Бағдарламаға жылдық табысы кемінде 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайтын шағын және орта бизнес субъектілерінің жоғары және орта буын басшылары қатыса алады. Негізгі басымдық — шетелдік компаниялармен кооперация орнатуға және жаңа басқару тәжірибесін енгізуге дайын кәсіпкерлерге беріледі», — деді Меруерт Қасымова.

Оның айтуынша, іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі. Өтінімдер Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы қабылданады. Алдын ала іріктеуден кейін тағылымдамаға қатысушылар тізімі қалыптастырылады.

«Германия тарапы визалық қолдау, тұру, тамақтану және тағылымдаманы ұйымдастыру шығындарын қамтамасыз етеді. Ал әуе билеттерін кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен алады. Жолға шығар алдында онлайн дайындық сабақтары қарастырылған», — деп нақтылады спикер.

Семинар барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына да ерекше назар аударылды. Жоба жергілікті өндірісті дамытуға және өңірлік өнімді ілгерілетуге бағытталған.

«Жоба кәсіпкерлерге консультациялық қолдау алуға, көрмелерге қатысуға, өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. 2023–2025 жылдар аралығында жобаға 50 кәсіпкер қатысып, 65 жұмыс орны құрылды. 24 млн теңгеден астам грант қаражаты тартылып, 43 млн теңгеге жуық инвестиция салынды», — деді Меруерт Қасымова.

Кездесу барысында кәсіпкерлер іріктеу талаптары, өтінім беру мерзімдері және құжаттар тізімі бойынша сұрақтарын қойды. Семинар қорытындысы бойынша бағдарламаларға қатысу алгоритмі түсіндірілді.

Қосымша ақпарат алып, өтінім беру үшін Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады: Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709, 2-қабат.

Жұмыс кестесі: жұмыс күндері 9:00–18:00 (түскі үзіліс 13:00–14:00).ЬБайланыс — Саят Мұхтаров, тел.: 8 775 104 90 44. Бағдарламаларға қатысу тегін.