«Атамекенде» туризм саласының қорытынды есебі мен даму басымдықтары талқыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Туристік сала комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Комитеттің 2025 жылы атқарған қорытынды есебі қаралып, ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Туристік сала комитетінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
ҚР «Атамекен» КҰП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоканов отырыстың басында сөз алып, туризм саласында мемлекеттік басқарудың бірізді жүйесі жолға қойылып, бизнес өкілдерімен тұрақты әрі сындарлы диалог орнағанын атап өтті. Нәтижесінде сала жекелеген сұрақтарды шешуден жүйелі және ұзақ мерзімді даму жоспарына бет бұрады.
«Қазіргі таңда туризм саласында көптеген жаңа әрі маңызды үдерістер жүріп жатыр. Алматыда өтетін Қысқы Азия ойындары тек қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиғаға айналып, тау кластерінің дамуына серпін береді. Kazakh Tourism компаниясымен бірлесіп Катон-Қарағай өңірін дамыту бойынша кеңестер өткізілді, әуежайлар салынуда, мемлекеттік қолдау алатын іс-шаралар тізбесі қалыптастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Біздің міндет – ағымдағы мәселелермен шектелмей, туризм саласының жүйелі әрі ұзақ мерзімді даму моделін қалыптастыру», – деді ол.

Есепте Комитеттің құрамы таныстырылды. Оның құраОған мына мыңнан астам қатысушының мүддесін білдіретін 11 аккредиттелген салалық қауымдастық кіреді. 2025 жылы спорт мәселелері бойынша және мәдениет пен креативті индустриялар мәселелері бойынша екі қосалқы комитет құрылды. Барлық өңірлік кәсіпкерлер палаталарында туризм саласы бойынша Салалық кеңестер жұмыс істейді. Сондай-ақ саладағы проблемалық мәселелер тізілімінің статистикасы мен оларды шешу барысы ұсынылды.
«Есептік кезеңде туризм саласындағы бірқатар жүйелі кедергілер жойылды. Салық кодексінен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру үшін ақы төлеуді көздейтін нормалар алынып тасталды, маусымдық демалыс базалары үшін алкогольге лицензия алу тәртібі жеңілдетілді, ішкі туризммен айналысатын туроператорлар үшін қосылған құн салығы жойылды. Сонымен қатар шетелдік туристерді тартқаны үшін туроператорлардың шығындарын өтеу қағидаларына өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша өтінім қабылдау мерзімі 1 маусымға дейін ұзартылды. 18 жасқа дейінгі балалар республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босатылды, ал ұйымдасқан туристік топтары бар автобустар үшін шекарадан өту кезінде кезексіз қозғалыс қарастырылды. Нормативтік базаны жетілдіру және көлік қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда», – деді ҚР «Атамекен» ҰКП Туризм департаментінің басқарушы директоры Дәмиля Құнанова.

Отырыс барысында комитеттің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары да бекітілді. Құжат Комитет мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып бірлесіп әзірленді, қажет болған жағдайда оған қосымша бастамалар енгізілуі мүмкін. Жоспар алты негізгі бөлімнен тұрады және 40 мәселені қамтиды. Сонымен қатар екі қосалқы комитеттің жеке жұмыс жоспарлары да ескерілген.
«Үкіметпен бірлесіп Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаеваның қолдауымен Координациялық кеңес құрылды. Бұл салааралық мәселелерді жүйелі әрі жедел шешуге мүмкіндік береді. Туристік маусым қарсаңында су ресурстарына қолжетімділік, логистика және инфрақұрылым сияқты өзекті тақырыптарды жедел пысықтау біз үшін аса маңызды. Әр министрлік бойынша блоктық форматта жұмыс істеуге, өңірлер рейтингі, музейлердің жаңа форматы, туристік аумақтардың стандарттары мен брендинг бағыттары бойынша тұрақты жұмыс топтарын құруға келістік. Kazakh Tourism ұйымымен тығыз әріптестік орнатып, негізгі мүдделі тараптардың қолдауына сенім артамыз», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева.

Жиынға қатысушылар туризм саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді де талқылады. Атап айтқанда, туроператорларды ілгерілету, балалар лагерлерін ЭҚЖЖ бойынша жеке кодқа бөлу, кәсіби бокс академиясын салу және оны қолдау шаралары сөз болды. Сондай-ақ гидтердің қызметіне қатысты проблемалық мәселелер мен спорттық іс-шараларды Қазақстанның жыл сайынғы іс-шаралар күнтізбесіне енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Отырыс туризм саласының салааралық өзара іс-қимылға және ұзақ мерзімді жоспарлауға негізделген жүйелі жұмыс форматына көшкенін растады. Қабылданған шешімдер инфрақұрылымды дамытуға, туризмнің қолжетімділігін арттыруға және бизнес үшін тұрақты жағдай жасауға бағытталған.