Мемлекеттік сатып алу, салық және қауіпсіздік талаптары: бизнеске 2026 жылғы негізгі өзгерістер түсіндірілді
Ақмола облысы еәсіпкерлер палатасының Құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы салық салу мәселелері талқыланды.
Кездесу басында Қазақстан Құрылысшылар одағының қызметі туралы есепті өңірлермен жұмыс және мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар және ҚР Парламентімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім басшысы Жамбыл Ахметбеков сөз сөйледі. Ол Одақтың сала мүддесін қорғау, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және құрылыс секторының өзекті мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндады.
Отырысқа қатысушыларға 2026 жылдан бастап Қазақстанда қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемелері қолданылатыны еске салынды. Атап айтқанда, базалық мөлшерлеме 16%-ды құрайды. Сонымен қатар тауар, жұмыс және қызметтерді импорттау мен сатуды қоса алғанда, көптеген операцияларға қолданылады. Төмендетілген мөлшерлеме 5% (2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 10%) дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен олардың жиынтықтаушылары, сондай-ақ техникалық көмекші құралдар үшін көзделген. 10% мөлшерлеме отандық мерзімді баспасөз басылымдары үшін қолданылады, ал нөлдік мөлшерлеме Салық кодексінің 47-тарауында көрсетілген операцияларға, оның ішінде экспорт, халықаралық тасымалдау және арнайы экономикалық аймақтар аумағында өткізу кезінде қолданылады.
«Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасалған барлық салық салынатын операцияларға 16% мөлшерлеме бойынша (өзге мөлшерлемелер көзделген жағдайларды қоспағанда), оның ішінде бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарын орындау кезінде салық салынуға тиіс. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қол қойылған Мемлекеттік сатып алу шарттары 12% ҚҚС мөлшерлемесін ескере отырып жасалды. 2026 жылы оларды орындау кезінде салық заңнамасының өзгеруіне байланысты мемлекеттік сатып алу веб-порталында Заңның 18-бабы 2-тармағының 5) тармақшасы негізінде қосымша келісім жасасу мүмкіндігі көзделген», - деп атап өтті Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменті директорының орынбасары Мейрамбек Таңжарықов.
Нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу тәртібі туралы Ақмола облысы ТЖД техникалық нормалау бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ниязбек Даутов айтып берді.
«2026 жылдың 1 ақпанынан бастап аталған мемлекеттік қызмет жаңа ережелер бойынша «Е-лицензиялау» порталы арқылы көрсетіледі. Өтініш электронды түрде беріледі, ал қарау мәртебесі туралы ақпарат автоматты түрде өтініш берушінің Жеке кабинетіне түседі. Құжаттарды тексеру екі жұмыс күнін алады: пакет толық болмаған жағдайда дәлелді бас тарту жіберіледі, толық болған жағдайда объектіге өрт-техникалық тексеру жүргізіледі», - деді спикер.
Оң шешім болған жағдайда белгіленген нысандағы электрондық қорытынды беріледі. Бас тартқан кезде өтініш берушіні бір жұмыс күні ішінде хабардар етеді және қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей тыңдауға шақырады. Нәтижелер мемлекеттік қызметтер мониторингі жүйесінде тіркеледі және сәулет-құрылыс бақылау органдарына жіберіледі.
Кездесу соңында тараптар одан әрі Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Ең бастысы — қауіпсіздік стандарттарын сақтау және бизнеске заңнама талаптарын уақтылы түсіндіру. Мұндай кездесулер алдын алу сипатына ие: олар туындаған мәселелерді алдын ала талқылауға, бұзушылықтар тәуекелдерін азайтуға және кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында құрылымды өзара іс-қимыл құруға мүмкіндік береді. Бұл біздің бағыттарымыздың ортақ нүктелерінің бірі ғана. Біздің ынтымақтастығымыз көпвекторлы сипатқа ие және басты міндет — бизнес субъектілерін уақтылы хабардар ету», — деп атап өтті Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.