Терроризмге қатысты осал бизнес субъектілері Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» нұсқаулық беріп, таныстыруға бағытталған оқыту жұмыстарын өткізді

20.02.2026
Терроризмге қатысты осал бизнес субъектілері Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» нұсқаулық беріп, таныстыруға  бағытталған оқыту жұмыстарын өткізді

Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі семинарды Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

Изображение

Кездесуді Павлодар облысы әкімдігі аппараты жанындағы терроризмге қарсы комиссияның бас инспекторы Нәдия Жұмабекова өткізді. Ол атап өткендей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы қаулысына сәйкес, адамдар жаппай жиналатын және терроризм тұрғысынан осал нысандарға сауда алаңы 500 шаршы метр және одан да көп болатын объектілер, сондай-ақ сауда алаңына қарамастан, аумағында атыс қаруы мен оқ-дәрі сатылатын нысандар, келушілерге қызмет көрсету залдарының жалпы ауданы 500 шаршы метр және одан да көп болатын қоғамдық тамақтану объектілері, бір мезетте 200 және одан да көп адамның келуіне лайықталған ойын-сауық орындары жатады.

«Сіздер басшы ретінде техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге міндеттісіздер: деректерді 30 тәулік бойы сақтайтын бейнебақылау жүйесі, хабарлау жүйесі, күзет дабылы орнатылуы тиіс, нысанның терроризмге қарсы қорғалу паспорты әзірленіп, полициямен келісіліп, әр бес жыл сайын жаңартылуы қажет», – деп кәсіпкерлерге жүгінді Нәдия Жұмабекова.

Изображение

Сонымен қатар, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес, осы нысандардың басшылары қызметкерлерді оқытуға міндеттісіздер: таныстыру мақсатында нұсқаулықтар беріп, оқу-жаттығулар өткізіп, күдікті заттар анықталған жағдайда не істеу керектігін түсіндіруі тиіс. Облыс әкімдігі аппараты жанындағы терроризмге қарсы комиссияның бас инспекторы мұндай нысандарда өткізу режимі де болуы қажет екенін атап өтті. Заң талаптарын орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 149-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Терроризмге қарсы қорғалу шараларын ұйымдастыру мәселелерінде ол бизнес субъектілеріне өңірдің кәсіпкерлік және сауда басқармасымен өзара іс-қимыл жасауды ұсынды.

Семинар барысында Павлодар облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі Аян Анишев терроризмге қарсы қорғалу шараларының қалай және не үшін қабылданатынын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, адамдар жаппай жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды толық сақтаған жағдайда кез келген мекеме қорғалған болады.

Изображение

«Тексеру барысында біз кейбір қауіпсіздік шаралары міндетті емес, “осынша көп” камера қажет емес деген пікірлермен жиі кездесеміз. Алайда бұл жерде тек сауда үйіне, кинотеатрға немесе мейрамханаға келген адамдардың ғана емес, сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің де өмірі мен денсаулығы туралы сөз болып отырғанын түсіну қажет. Нысандағы “соқыр аймақтарды” камералар арқылы жойсаңыздар, өздеріңізге де тыныш болады», – деді Аян Анишев.

Таныстыру мақсатындағы нұсқаулықты дін істері департаментінің облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Даулет Закарьянов өткізді. Кездесу барысында бизнес өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Изображение