«Атамекен» ҰКП: инвесторлардың құқықтық кепілдіктерін күшейту – тұрақты инвестициялық ахуалдың негізі

17.02.2026
«Атамекен» ҰКП: инвесторлардың құқықтық кепілдіктерін күшейту – тұрақты инвестициялық ахуалдың негізі

 

2026 жылғы 16–17 ақпанда Алматы қаласының инвесторларымен форум өтті. Бұл – қала инвесторларымен өткізілген ашық диалог алаңы болып, ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және Мемлекет басшысының инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне арналды.

Іс-шараға мемлекеттік орган, даму институттары және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Форум жұмысына Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының прокуроры Серік Қарыпбеков, Инвесторлардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, мәслихат депутаттары, қадағалау және атқарушы орган өкілдері, сондай-ақ даму институттары мен кәсіпкерлер бірлестіктерінің басшылары қатысты.

Форум барысында сөз сөйлеген Г. Бижанова ашық диалог алаңының маңыздылығын атап өтіп, іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Алматы қаласының прокуратурасына алғыс білдірді. Ол Алматының еліміздегі ең ірі іскерлік орталық және инвестициялар тартудың негізгі нүктесі болып қала беретінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық палата мемлекет пен бизнес арасындағы байланыстырушы буын ретінде прокуратура органдарын инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды құқықтық орта қалыптастырудағы серіктес ретінде қарастырады.

Бүгінде инвестициялық саясат мемлекеттік күн тәртібінің өзегіне айналды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инвестицияларды экономикалық өсу, жаңғырту және экономикалық тұрақтылықтың негізгі драйвері ретінде белгіледі. Еліміз «прокурорлық сүзгі» және «жасыл дәліз» тетіктерін енгізу арқылы жаңа инвестициялық цикл қалыптастырып жатқанын айта кеткен жөн.

Қазіргі таңда ел аумағында жалпы құны шамамен 80 трлн теңгені құрайтын 1,3 мыңнан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Алматы қаласы іскерлік белсенділіктің жоғары шоғырлануымен ерекшеленеді: 417 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі (ел бойынша жалпы санның шамамен 22%), 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция және 100-ден астам іске асырылып жатқан инвестициялық жоба бар.

«Осындай ауқым жағдайында кез келген құқықтық айқынсыздық инвестициялық ахуалға тікелей ықпал етеді. Инвестор ең алдымен шешімдердің болжамдылығын, негізсіз тексерулерден қорғалуын және заңсыз әрекеттер үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын бағалайды», — деп атап өтті Г. Бижанова.

Изображение

«Атамекен» ҰКП бизнес құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылы Палатаға кәсіпкерлерден 3 778 өтініш келіп түсіп, оның 1598-і бизнестің пайдасына шешілді. Қорғалған құқықтардың жалпы сомасы 44,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің мүдделері 371 сот ісінде қорғалып, сот актілерінің 56,6% бизнес пайдасына шешілді (13,99 млрд теңге).

Өңірлік желі мен сараптамалық әлеуеттің арқасында Палата инвестициялық жобаларды консультация беруден бастап сотта өкілдік етуге дейін кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқығын қорғау комитетімен өзара іс-қимыл жасау. Қазіргі уақытта Комитет жанынан бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар және Ұлттық палата қатысатын сараптамалық кеңес құрамы қалыптастырылуда.

Бүгінде Палата бірқатар инвестициялық даулар бойынша консультативтік-құқықтық көмек көрсетуде. Атап айтқанда, «ТехноГруппСервис» ЖШС «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ және «Ғылым қоры» АҚ дауы, «GRONSAR» ЖШС Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен дауы, сондай-ақ Жетісу облысындағы жер учаскелерін алып қою туралы талап арызға байланысты «Март Агро» ЖШС ісі бойынша тиісті өтініштер Бас прокуратураға жолданды.

2025 жылы Ұлттық палатаның бастамасымен Бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы аясында кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық қудалауға байланысты 16 кейс қаралды. Нәтижесінде 9 қылмыстық іс кәсіпкерлердің пайдасына тоқтатылып, 7 іс бойынша құқық қорғау органдарына бизнестің уәждерін ескере отырып тиісті қадағалау нұсқаулары берілді.

Инвесторлардың құқығын қорғау комитетінің құрылуы инвестицияларды жүйелі қорғауды институционалдық тұрғыда нығайтудағы маңызды қадам болды. Бұл тек өтініштерге жауап беру емес, сонымен қатар жүйелі проблемаларды анықтау, құқық қолдану тәжірибесін талдау және әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұсыныстар әзірлеу деген сөз.

Өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды кезеңі ретінде «Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша нақты проблемалық мәселелер, жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін айқындайтын бірлескен жол картасын қалыптастыру туралы шешім қабылданды.

Жол картасын іске асыру прокурорлық ықпал етудің превентивтік сипатын күшейтуге, әкімшілік тәуекелдерді азайтуға және іскерлік ортаның болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП прокуратура органдарымен бірлесіп, тұрақты құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыру және инвесторлардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруға дайын екенін мәлімдейді.