Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Бетқайнар колледжі №7» КМҚК-ны ШЖҚ МКК-ға қайта ұйымдастыру туралы

20.02.2026
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Бетқайнар колледжі №7» КМҚК-ны ШЖҚ МКК-ға қайта ұйымдастыру туралы

Көпшілік талқылау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Бетқайнар колледжі №7» КМҚК-ны ШЖҚ МКК-ға қайта ұйымдастыру туралы сұранысы орналастырылады.

2025 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды іске асыру мақсатында Үкімет Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі республикалық жоспарды бекітті, сондай-ақ Министрлік 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасын қабылдады.

Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасының 12-тармағында ТжКБ ұйымдары базасында «шағын кәсіпорындарды» дамыту, олардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, осындай кәсіпорындарда өндірілген өнімді өткізу тетіктерін айқындайтын регламенттік құжаттарды әзірлеу, сондай-ақ оларды тиімді іске қосу және жұмыс істеу алгоритмін қалыптастыру көзделген.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары базасындағы «шағын кәсіпорындардың» қызметі оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында, оқу полигондарында және оқу-тәжірибелік учаскелерде шығарылатын өз өндірісінің тауарларын, жұмыстарын және көрсетілетін қызметтерін өткізу есебінен кіріс көзін қалыптастыруға бағытталған.

Осыған байланысты Бетқайнар колледжі №7 аумағындағы бұрын пайдаланылмаған ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу барысында ғимараттың ішкі жоспарлануы жаңартылып, санитариялық-техникалық талаптарға сәйкес инфрақұрылым құрылды. Нәтижесінде өндірістік мақсатқа бейімделген 50 жұмыс орнына арналған заманауи тігін цехы ашылды.

Тігін цехы WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес соңғы буындағы заманауи жабдықтармен жабдықталған, бұл өндірістік процесті тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Заманауи технологияларды енгізу мақсатында Қырғыз Республикасының «Ай-Тех» ЖШС-мен екіжақты шарт жасалды.

Аталған келісім аясында Қазақстан Республикасына тігін өнеркәсібінде үлкен тәжірибесі бар Түркиядан жоғары білікті мамандар шақырылды. Олар цех жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдесіп, өндірістік процеске тікелей қатысты.

Өз кезегінде колледж жастарды кәсіптік оқытуды және олардың өндірістік практикадан өтуін қамтамасыз етті. Ынтымақтастық нәтижесінде колледж базасында кәсіби кадрларды даярлаудың өңірлік орталығының негізі қалыптасты.

Тігін цехында колледж студенттері тігін ісінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеріп, өз мамандығы бойынша кәсіби дағдыларын дамытады. Сонымен қатар цехта өндірілген өнім жергілікті нарықта өткізіліп, колледж жанындағы шағын кәсіпорынның тиімді қызметін ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бұл студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, еңбек нарығының нақты жағдайына бейімделуіне жағдай жасайды.

Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті жастарға кәсіптік білім алу мүмкіндігін беру, оларды отандық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарға айналдыру, сондай-ақ колледж базасында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.

Колледж қызметінің түрлері (ЭҚЖЖ кодтары):

- Кәсіптік-техникалық білім беру (ЭҚЖЖ 85321);

- Киімнен басқа дайын тоқыма бұйымдарын өндіру (ЭҚЖЖ 13920);

- Арнайы киім өндіру (ЭҚЖЖ 14120);

- Өзге де сыртқы киім өндіру (ЭҚЖЖ 14130).

Жамбыл облысы білім басқармасына ведомстволық бағынысты колледж жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында заңды тұлға ретінде қызмет етеді. Құрылтайшысы – Жамбыл облысының әкімдігі. Колледж қызметі Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жүзеге асырылады.

Білім беру қызметі Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаменті берген 2012 жылғы 1 қазандағы №12013484 мемлекеттік лицензия негізінде мерзімсіз, тиісті қосымшаларымен жүзеге асырылады.

Колледжді дамыту білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын ескере отырып қалыптастырылған Стратегиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Есептік деректерге сәйкес «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» мамандығы бойынша қабылдау жыл сайын артып келеді.

 

 

Ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда оларды келесі электрондық мекенжайға жолдауларыңызды сұраймыз: a.alkhuat@atameken.kz