Маңғыстау облысы – инвестициялар, бизнес дамуы және инновациялық жобалар
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Маңғыстау облысына іс-сапармен барып, өңірлік билік өкілдерімен, кәсіпкерлермен және жетекші кәсіпорын басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.
Іс-сапардың негізгі мақсаты – шағын, орта және ірі бизнестің даму жағдайын, инвестицияларды ынталандыру, цифрлық құралдарды енгізу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тиімділігін арттыру мәселелерін талқылау болды.
Қанат Шарлапаев кәсіпкерлермен кездесуді аша отырып, өңірдің стратегиялық рөлін атап өтті:

«Маңғыстау – жай ғана мұнайлы өлке емес, бұл – қазақ даласының теңізге шығар қақпасы. Еліміздің геосаяси және логистикалық тірегі. Мұнда елеулі өнеркәсіптік және адами әлеует шоғырланған, оны бизнесті жүйелі қолдау арқылы ашу қажет».
Өңірлік билік өкілдерімен және кәсіпкерлермен диалог
Жұмыс бағдарламасы Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының ғимаратында өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің көрмесін тамашалаудан басталды. Жоба аудандар мен шағын қалалардағы бизнесті қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған инфрақұрылым, оқыту, қаржылық қолдау сияқты кешенді жағдайларды жасауға бағытталған.


Бұған дейін Мемлекет басшысы бұл бастамаға жоғары баға беріп, оны өңірлік кәсіпкерлікті дамыту мен жергілікті өндірушілерді қолдауды көздейтін мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың табысты үлгісі ретінде атап өткен болатын.


Осыдан кейін Жалғас Мырзағалиевтің төрағалығымен Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Жиынға қатысушылар бизнесті институционалдық қолдау, өңір кәсіпкерлері үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және процестерді цифрландыру, инвестициялық жобаларды жедел енгізу және жергілікті кадрларды тарту мәселелерін талқылады.

Кездесуде «Іскер Аймақ» бағдарламасына ерекше назар аударылды. Оның аясында Маңғыстау кәсіпкерлері 13,2% мөлшерлемемен 200 млн теңгеге дейін қаржыландыру ала алады, ал «Даму» қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді. Ел бойынша жеңілдетілген қаржыландырудың жалпы көлемі – шамамен 400 млрд теңге. Бұл аймақтағы шағын кәсіпорындардың дамуы үшін кешенді қолдау шараларын қамтамасыз етеді.


Талқылау барысында ҰКП Төралқа Төрағасы өңірлік палаталардың жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті:
«Кәсіпкер алдымен Палатамен осы жерде, аймақта өзара әрекеттеседі. Сондықтан өңірлік жұмыстың сапасы – басымдыққа ие болуы керек. Мамандандыруды күшейту, үдерістерді цифрландыру, кадрлық әлеуетті арттыру және түсінікті тиімділік көрсеткіштерін енгіземіз деген жоспарымыз бар. Әрине, ең бастысы – бизнес үшін нақты нәтиже».

Кездесу соңында қатысушылар конституциялық реформа мәселелері бойынша жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақырылды.
Кәсіпкерлермен кеңейтілген кездесу



Маңғыстау облысы кәсіпкерлерлерімен кеңейтілген кездесу Палатаның конференц-залында өтті. Жиында модератор болған Маңғыстау облысы ӨКП директоры Аққу Айтжанова қатысушыларды таныстырып, пікірталасты ашты. Іс-шараға Өңірлік кеңес мүшелері, Мемлекеттік кірістер департамент, қаржы институттары мен кәсіпкерлікті қолдау ұйымдарының өкілдері қатысты. Талқылауда шағын және орта бизнесті қолдау, цифрлық құралдарды енгізу;, инвестициялық жобаларды дамыту, әкімшілік кедергілерді жою және «Іскер Аймақ» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізу мәселелері қаралды.



Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, оқыту және жобаларды сүйемелдеу арқылы кәсіпкерлердің құзыретін арттыруға, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Қанат Шарлапаев өңірдің жоғары демографиялық әлеуетін, мұнай-газ және өнеркәсіп секторларының даму жағдайын, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсімін атап өтті:
«2025 жылы ШОБ субъектілері 1 трлн теңгенің өнімін өндірді, ал кәсіпкерлік саласында 147 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл – өңірдің экономикалық белсенді халқының 40%-ы», – деді ол.



Өткен жылы бизнесті қолдауға 16,3 млрд теңге бағытталып, 167 жобаға қолдау көрсетілді. Ал, «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 8,4 млрд теңгеге 70 жоба қаржыландырылды.
«Мемлекеттік бастамалар бизнес-қоғамдастықпен алдын ала, кәсіби және мазмұнды түрде талқылануға тиіс. Біз нақты жүйелі серіктестік форматына көшіп жатырмыз», – деді Шарлапаев.

«Біздің мақсатымыз – өңір кәсіпкерлеріне олардың бастамалары нақты жобаға айналып, қолдау табуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен және институционалдық серіктестермен ашық әрі нәтижелі диалог алаңын ұсыну», – деп қосты Аққу Айтжанова.
Жетекші кәсіпорындарға бару
Жұмыс сапары барысында Қанат Шарлапаев өңірдің технологиялық әлеуетін және инвестициялық мүмкіндіктерін көрсететін бірқатар жетекші кәсіпорынды аралады.
«Сталь Трейд-НС» ЖШС-да ол заманауи өндірістік қуаттар мен металлургиялық қайта өңдеу үрдістерімен танысты.
«BASECHEM» ЖШС кәсіпорнында химиялық өнімдер шығару және жергілікті және экспортты нарыққа арналған өнімдердің түрін кеңейту мәсселелері талқыланды.
«Новые Трубные Технологии» ЖШС-да құбыр өнімдерін өндірудегі инновациялық шешімдерді енгізуге назар аударылды.



«ARCHIMED» кардиология және ішкі аурулар медициналық орталығында жоғары технологиялық медициналық қызметтерді дамыту мәселесі қаралды.


Сапар соңында «Берекет-Ф» ЖШС – жергілікті нарықты сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін зауытқа барды.




ҰКП Төралқа Төрағасы ішкі инвесторларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті:
«Қазір елімізде ішкі инвесторлаға сұраныс бар. Сондықтан Палата кеңейтуге және жаңғыртуға дайын, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін инвестициялық жобалар пулын әзірлейді. Сонымен қатар осы бастамалар мен даму институттары және үкіметтің қаржылық қолдау құралдары арасында жүйелі байланыс орнатуға тырысады».
Барлық кәсіпорындар жоғары технологиялық жабдықталу деңгейін, инвестициялық жобаларды іске асыруға дайындығын және өңір экономикасының тұрақты дамуына қосып отырған үлесін айқын көрсетті.
Маңғыстау облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы
Маңғыстау облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы – аймақтың бизнес-ортасын дамытудағы негізгі серіктес. Палата штатында 29 қызметкер бар. Жалғас Мырзағалиев төрағалық ететін Өңірлік кеңес құрамында 15 мүше бар, оның ішінде орта және шағын бизнес өкілдері мен аккредиттелген салалық қауымдастықтар бар.
Палата жергілікті атқарушы органдар жанындағы 25 консультативтік-кеңесші органның және көлік пен логистика, құрылыс, ТКШ, туризм, сауда, креативті индустрия, АӨК, ШОБ, білім беру, денсаулық сақтау, өңдеуші өнеркәсіп және басқа да негізгі салаларды қамтитын 11 салалық кеңестің жұмысына қатысады. Сонымен қатар Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі жұмыс істейді.
Іс-сапар қорытындысы
Қанат Шарлапаев іс-сапар барысын қорытындылай отырып, Палата жұмысының міндетін айқындады:
«Маңғыстау облысы айтарлықтай өнеркәсіптік, логистикалық және кәсіпкерлік әлеуетке ие. Біздің міндетіміз – бизнесті жүйелі қолдау, түсінікті әрі ашық ойын ережелерін қалыптастыру және кәсіпкерлерге даму құралдарын беру».
Бұл іс-сапар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірдің бизнес-қоғамдастығымен диалогты одан әрі нығайтуға және Маңғыстау облысы экономикасының тұрақты дамуына бағытталған жобаларды сүйемелдеуге дайын екенін растады.