Отандық өнімді қолдау жөніндегі меморандум: сауда сөрелеріне қолжетімділік

23.02.2026
 Отандық өнімді қолдау жөніндегі меморандум: сауда сөрелеріне қолжетімділік

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында сауда саласындағы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша кеңес өтті. Талқылауға Сауда департаментінің өкілдері, сауда желілері мен ірі дүкендердің басшылары, сондай-ақ жергілікті өндірушілер мен дистрибьюторлар қатысты.

Кездесуге сауда нысандары мен жеткізушілер арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің өнімдерін орналастыру кезінде кедергілерге жол бермеу қажеттілігі негіз болды.

Кеңесті аша отырып, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономика жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллин ішкі нарықты дамыту жергілікті өндірушілерді қолдаумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз - сауда желілері мен өндірушілер арасында сындарлы диалог орнату. Қазақстан Республикасының заңнамасы сауда сөрелеріне тең қолжетімділік шарттарын көздейді, және бұл нормалар іс жүзінде сақталуы тиіс», - деді Сәкен Абдуллин.

Бизнес өкілдері тарапынан жеткізу шарттары, көлем талаптары және маркетингтік төлемдерге қатысты сұрақтар қойылды. Өндірушілер шағын кәсіпорындар үшін бөлшек сауда желілеріне шығу өсудің негізгі шарты екенін атап өтті.

Сауда департаментінің өкілдері «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерін қатаң сақтау қажеттігін, оның ішінде жеткізушілерге қатысты кемсітушілік жағдайларға жол бермеу және шарттық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз ету талаптарын еске салды.

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген келісімдерді құжат жүзінде бекітуге дайын екендерін білдіріп, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы, өңір өндірушілері және Сауда департаменті арасында үшжақты меморандумға қол қойды. Құжат отандық өнімдердің сауда нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сауда қызметі саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға бағытталған.