«Атамекен» ҰКП қауымдастықтармен өзара іс-қимылдың жаңа қағидаларын енгізуде. Қазақстанның инвесторлар одағы ынтымақтастықтың жаңартылған үлгісіне алғашқылардың бірі болып қосылды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салалық және кәсіби бірлестіктермен өзара іс-қимылдың жаңартылған жүйесін іске асыруға кірісті. Бұл жүйе бірыңғай регламенттер, рәсімдердің ашықтығы және нәтижелер үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Жаңа үлгі институционалдық тұрғыдан орнықты әріптестік ережелерін қалыптастыруға бағытталған, онда қауымдастықтар өздерінің сараптамалық рөлін күшейтіп, кәсіпкерлік қоғамдастықтың келісілген стандарттары мен басымдықтары шеңберінде шешімдер әзірлеуге қатысады.
Аталған үлгі Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындаған міндеттері аясында жүзеге асырылуда. Онда инвестициялық саясатты жандандыруға, бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға және жаңа инвестициялық циклді іске қосуға басымдық берілген болатын. Қауымдастықтармен өзара іс-қимылдың жаңа жүйесі осы міндеттерді орындаудың құралы ретінде қарастырылып, салалық сараптаманың сапасын арттыруға және басқарушылық шешімдердің нәтижелілігін күшейтуге бағытталған.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлік қоғамдастықтың шоғырландырушысы ретінде әрекет етіп, бизнес пен салалық бірлестіктер арасында жүйелі диалогты қалыптастыруда белсенді рөл атқарады. Президент айқындаған стратегиялық бағдар аясында Палата өзара іс-қимыл сапасын арттыруға, ішкі инвесторларды қолдауға және жұмыс пен жауапкершіліктің бірыңғай қағидаларын қалыптастыруға назар аударып отыр. Мұндай тәсіл декларациялардан нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға көшуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев.

Жаңа модельді енгізу аясында Қазақстан инвесторлар одағы ҰКП жүйесінде аккредиттеу рәсімінен өтіп, үш жыл мерзімге арналған ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл қадам одақтың жаңартылған өзара іс-қимыл стандарттарына сәйкес қызмет жүргізуге дайын екенін растады. Келісім нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен сараптауға қатысуды, ҰКП басқару органдары жанындағы сараптамалық және жұмыс топтары арқылы салалық бастамаларды қалыптастыруды, инвестиция тарту және инфрақұрылымды дамыту бойынша келісілген жол карталарын іске асыруды, сондай-ақ бизнес, инвесторлар және мемлекеттік органдар арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды қалыптастыру үшін туристік кластерді қоса алғанда, салалық кластерлер құруды көздейді.

«Атамекен» ҰКП-мен ынтымақтастық инвестициялық бастамалардың нақты жобалар мен жаңа жұмыс орындарына жедел трансформациялануына мүмкіндік беретін платформа қалыптастырады», – деді Қазақстанның инвесторлар одағы Төрағасы Болат Ақшолақов.
Қол қою рәсіміне «KAZENERGY» қауымдастығы, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы, «Тау-Кен» қауымдастығы және Қазақстан Республикасының сауда желілері одағы секілді құрылтайшылар да қатысты.

Келісімге қол қою қауымдастықтармен жұмыстың жаңартылған жүйесіне көшудің нақты дәлелі болды. Бұл жүйе серіктестік бірыңғай стандарттарға, рәсімдердің ашықтығына және елдің инвестициялық әлеуетін дамытуға стратегиялық бағдарлану қағидаттарына негізделген.