«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру шаралары талқыланды

23.02.2026
«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру шаралары талқыланды

 «Атамекен» ҰКП алаңында елдің экспорттық әлеуетін күшейту және отандық экспорттаушыларды қолдаудың жүйелі шараларын әзірлеуге арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова, ҚР Президенті Әкімшілігінің Көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі Азамат Кескінбаев, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, экспортқа бағдарланған ірі салалардың, сондай-ақ салалық қауымдастық және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Кездесуді аша отырып, Қанат Шарлапаев бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, отандық өнімнің экспортын дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою және өткізу нарықтарын кеңейту қажеттігіне тоқталды. 

Өз сөзінде Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова экспорттаушылар үшін «ҚТЖ» тарифтік саясатының болжамды әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуы ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, тарифтердің күрт өзгеруі отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді, сондықтан Ұлттық палата тариф белгілеу әдістемесін әзірлеуге толыққанды қатысу қажеттігін алға тартуда.

Изображение

Жиын жұмысы екі блок бойынша ұйымдастырылды.  

Бірінші бөлімде экспорт географиясын кеңейту перспективалары, инфрақұрылымдық және мемлекетаралық шектеулер, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өнімді экспорттау кезінде әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

«KazGrain» Ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы Басқарма кеңесінің төрағасы Қанат Көбесов Қытай бағытында астық жүктерінің экспортын арттыру бойынша ұсыныстарын ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар экспорттық инфрақұрылымды дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, экспорттық операцияларды жеңілдету және отандық өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Бұл мәселелерді шешуде сала өкілдерінің бастамалары мен пікірлерін ескере отырып, кешенді тәсілдің маңыздылығы атап өтілді.

Изображение

Екінші блок экспорттаушылардың өзекті мәселелеріне арналды. Атап айтқанда, ТМК және АӨК өнімдерін жеткізуді реттеу, ҚҚС қайтару, теміржол тасымалы саласындағы тарифтік саясат, логистикалық шығындар, сыртқы сауда шектеулері және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.

«Қазақстанның астық одағы» ЗТБ президенті Нұрлан Оспанов астық экспортын әртараптандырудың стратегиялық бағыты ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға баса назар аударды. Сонымен бірге, ол бүгінде бұл бағыт көптеген ауыстырып тиеу, транзиттік елдер және жалпы тарифтік жүктеменің жоғары болуына байланысты ең қымбат болып қалып отырғанын атап өтті. Транзиттік тораптардағы инфрақұрылымды, оның ішінде қажетті көлемде астықты ауыстырып тиеу мүмкіндігі жеткіліксіз Поти портын жаңарту қажеттілігі бөлек айтылды. Осыған байланысты транзиттік тарифтерді төмендету және экспорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша мемлекетаралық жұмысты күшейту ұсынылды.

Сондай-ақ, Нұрлан Оспанов ҚҚС қайтаруды шектеуге байланысты АӨК экспорттаушылары үшін жаңа кедергіге назар аударды. 2026 жылдан бастап бұрын төленген салықтың тек 20%-ы ғана өтелуге жатады, бұл өнім құнының 12,8%-на дейін қосымша жүктемені қалыптастырады және қазақстандық астықтың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Осыған байланысты Салық кодексінің тиісті нормаларын қайта қарау және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС нөлдік мөлшерлемесі тетігінің толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету ұсынылды.

«Қазақстанның картоп өсірушілер және көкөніс өсірушілер одағының» басшысы Байжан Уалханов Моңғолиямен ынтымақтастықты жандандыру есебінен экспорт географиясын кеңейтуді ұсынды. Оның айтуынша, моңғол тарапы қазақстандық картоп тұқымдары мен майлы дақылдардың импортына, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің екіжақты саудасын дамытуға жоғары қызығушылық танытуда. Осыған байланысты Риддер – Туекта – Моңғолия автожолын іске қосуды жеделдетуді, сондай-ақ, шекара маңындағы аудандарда шағын авиация мүмкіндіктерін пайдалануды қоса алғанда, көлік инфрақұрылымын дамытудың орындылығы белгіленді. Бұдан әрі үшінші елдерге экспорттай отырып, Қазақстан аумағында моңғол етінің ұйымдастырылған транзиті мен өңдеу тетігін қарастыру ұсынылды.

Ресей Федерациясымен сыртқы сауда ағындарын есепке алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кедендік шекара болмаған жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын есепке алу іс жүзінде фитосанитариялық сертификаттар негізінде жүргізіледі. Бұл спикердің пікірінше, статистиканы бұрмалайды және кейіннен кері экспортпен сұр импортты заңдастыру тәуекелдерін тудырады. Кедендік бақылауды күшейту және өнімнің сапасын бақылау және сауданы реттеу функцияларын ажырата отырып, мемлекеттік кірістер органдарының деректері негізінде импорттық-экспорттық ағындарды талдау ұсынылды.

Ал, «Қазақстан мал өсірушілер одағының» директоры Дәурен Салықов ірі қара және ұсақ мал етінің экспортын шектеу мен квоталаудың қолданыстағы тәжірибесі саланың дамуына ықпал етпейтінін, инвесторлар үшін белгісіздік қалыптастыратынын және бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін тежейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар сыртқы нарықтар мен ұзақ мерзімді экспорттық келісімшарттардың жоғалу қаупін тудырады.

Осыған байланысты салалық қауымдастық тікелей тыйым салудан және қатаң квоталаудан салалық одақтың қатысуымен реттелетін экспорт үлгісіне көшуді ұсынды. Экспорттаушыларды аккредиттеу, жеткізу көлемінің мониторингі және келісімшарттардың орындалуын бақылау функциялары бар экспортты қадағалау жүйесінің операторы мал өсірушілер одағын айқындауды ұсынады.

Сондай-ақ, ішкі нарықты басымдықпен қамтамасыз етуді, өндіріс пен экспорт балансын сақтауды және қабылданған міндеттемелерді орындау үшін қатысушылардың жауапкершілігін көздейтін қарсы міндеттемелер тетігіне бастамашылық жасалды.

АШМ мен СИМ-ге салалық одақпен бірлесіп экспортты реттеудің нормативтік тетігін әзірлеуді, аккредиттеу және мониторинг жүйесі үшін құқықтық негізді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, тікелей тыйым салуды қолданбай бақылау құралдарына көшуді тапсыруды бөлек ұсынды.

Бұдан өзге, Республикалық тау-кен және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы мен Қазақстан Тау-кен палатасының басшылары шикізат пен тау-кен металлургия кешені өнімдерінің экспортын реттеу, оның ішінде рұқсаттар алу тәртібін жетілдіру және экспорттық рәсімдерді оңайлату мәселелерін көтерді.

Изображение

Жалпы күн тәртібіне 12 негізгі мәселе енгізіліп, түскен өтініштердің жалпы саны 50-ден асты. Қатысушылар бизнес үшін тек проблемаларды белгілеу ғана емес, оларды іске асырудың түсінікті логикасымен нақты шешу де маңызды екенін атап өтті.

Жиын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен бизнес-қоғамдастық арасындағы экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелері бойынша тікелей диалог форматындағы алғашқы кездесу болды. Келесі кездесу «ҚТЖ» қызметтері бойынша тариф қалыптастыру әдіснамасы мәселелеріне, сондай-ақ Ресей Федерациясымен жасалған Үкіметаралық келісімді өзектендіруге арналатын болады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелерін жүйелі түрде пысықтау мақсатында бизнес пен бейінді мемлекеттік органдардың қатысуымен тұрақты сессиялық кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша бизнес ұсыныстары уәкілетті мемлекеттік органдарға қарауға және тиісті шаралар қабылдауға жіберіледі.

«Атамекен» ҰКП осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырып, бизнес бастамаларын сүйемелдеуді және Қазақстанның экспорттық әлеуетін одан әрі нығайту мақсатында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруді жалғастырады.