Қарағанды облысында Құрылыс кеңесінің отырысы өтті
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңес жанындағы Құрылыс және құрылыс индустриясы кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Құрылысшылар одағының өкілдері, Кеңес мүшелері және өңірдің құрылыс саласының кәсіби қоғамдастығы қатысты.
Отырысты ашқан Құрылыс және құрылыс индустриясы кеңесінің төрағасы Төлеген Әшімов саланы дамытуда күш біріктірудің және кәсіби қоғамдастықтың салалық саясатты қалыптастыруға қатысуының маңызын атап өтті.
«Құрылыс кеңесі – жүйелі шешімдер әзірлейтін жұмыс алаңы. Бүгінде құрылыс компаниялары мен кәсіби бірлестіктердің күш біріктіруі саланың тұрақты дамуы үшін аса маңызды», – деді Төлеген Мұқатайұлы.
Қазақстан Құрылысшылар одағы аппаратының басшысы Жамбыл Ахметбеков Одақтың салалық нормативтік базаны жетілдірудегі және құрылыс бизнесінің мүддесін білдірудегі рөлін атап өтті.
«Құрылысшылар одағы кәсіби қоғамдастықты біріктіреді және заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады. Құрылыс саласына әсер ететін шешімдерді қалыптастыруда сала өкілдерінің белсенді қатысуы маңызды», – деді Жамбыл Аужанұлы.
Отырыс барысында конституциялық реформа мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар құқықтық кепілдіктерді нығайтуға, азаматтардың рөлін арттыруға және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын дамытуға бағытталған жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға белгіленгені атап өтілді. Азаматтар елдің одан әрі конституциялық даму бағытын айқындайды.
Қатысушылар құқықтық тұрақтылық, азаматтарды қорғау және мемлекеттің жауапкершілігі қағидаттары құрылыс саласының кәсіби қоғамдастығы қызметінде көрініс табатынын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Құрылыс кеңесі Қазақстан Құрылысшылар одағымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастыруға, салалық саясатты жетілдіруге және жүйелі реформаларды қолдауға дайын екенін растады.