Шағын бизнеске қызметті тоқтату тәртібі жеңілдетілді – Қаржы министрлігінің жаңа бұйрығы шықты
Жаңа ережелер қызметті тоқтату кезінде салық берешегін өтеу тәртібін нақтылайды.
ҚР Қаржы министрлігі «Атамекен» ҰКП мен бизнес ұсыныстарына құлақ асып, әкімшілік кедергілерді азайту бағытында нақты қадам жасады. Салықтық әкімшілендірудің жаңа қағидалары кәсіпкерлерге қызметін бірнеше айға созылатын тексерулер мен бюрократиялық рәсімдерсіз жабуға мүмкіндік береді. Бұл туралы министрліктің жақында шыққан бұйрығында айтылған
Тиісті ведомство салық төлеушілерді тарату, қайта ұйымдастыру және қызметін тоқтату кезінде салық міндеттемелерін орындауды реттейтін №654 бұйрыққа енгізілген өзгерістердің күшіне енгенін ресми түрде растады.
Сенімге негізделген бағыт
Құжаттың басты жаңалығы – қызметті тоқтатудың оңайлатылған тәртібін енгізу. Бұрын кәсіпорынды тарату үдерісі салықтық тексерулермен ұзаққа созылатын күрделі марафонға айналатын болса, енді мемлекет бизнеске анағұрлым жеңілдетілген режим ұсынады.
Салық тәртібін жоғары деңгейде сақтайтын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қызметін камералдық бақылаусыз аяқтауға мүмкіндік беріледі.
Жаңа нормаларға сәйкес, егер кәсіпкер қызметті тоқтату туралы өтініш берсе, 2025 жылдың 17 желтоқсанына дейін ұсынылған салық есептілігі бойынша 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салық кезеңдері үшін камералдық бақылау жүргізілмейді.
Яғни, адал бизнес өткен салық кезеңдері бойынша қосымша есептеулерден қауіптенбей, нарықтан жедел шығу құқығына ие болады.
Жауапкершілік пен ашықтық
Бұл ретте рәсімдердің оңайлатылуы жауапкершіліктің әлсіреуін білдірмейді. Өткен жылдардағы тәжірибеде кейбір жосықсыз құрылтайшылар ірі қарыздары бар компанияларды тастап кету жағдайлары кездескен. Жаңа ережелер салық берешегін өтеу тәртібін нақтылайды.
Егер таратылатын кәсіпорынның мүлкі бюджетпен есеп айырысуға жеткіліксіз болса, төлем міндеті құрылтайшылар мен қатысушыларға жүктеледі. Маңызды заңдық нақтылау – енді бұл жауапкершілік Салық кодексінің нақты баптарына сілтеме жасалғанына қарамастан, ҚР заңдарында көзделген барлық жағдайларда туындайды. Осылайша, заңнама міндеттемелерден жалтару жолдарын жауып, үдерістің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.
Қабылданған шаралар – үкіметтің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі.
ҰКП өкілдерінің айтуынша, шағын секторға әкімшілік жүктемені азайту – тек ізгі ниет қадамы ғана емес, бизнес-климатты жақсартудың қажетті құралы. Нарықтан шығу рәсімін оңайлату арқылы мемлекет кәсіпкерлерді жаңа бастамаларға ынталандырады. Себебі, бизнес жүргізу шарттары ашық әрі түсінікті болған кезде, экономиканың инвестициялық тартымдылығы да арта түседі.