Кәсіпкерлерге құқықтарын қорғау тетіктері мен тексерулерді цифрлық бақылау құралдары түсіндірілді
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау жөнінде қабылданып жатқан шараларға, сондай-ақ кәсіпкерлік саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіруге арналған семинар-кеңес өтті. Түсіндіру жұмыстарын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Көліктегі және Әскери департаменттерінің қызметкерлері жүргізді.
Іс-шараға Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының қызметкерлері, вокзал аумағында қызмет көрсететін кәсіпкерлер, сондай-ақ елордадағы бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктері, уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезіндегі заңнама талаптары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар бизнесті қорғаудың цифрлық құралдарына ерекше назар аударылды.

Қатысушыларға Qamqor.gov.kz порталының кеңейтілген функционалдық мүмкіндіктері, соның ішінде «Тексерілетін субъектілер мен объектілердің бірыңғай тізілімі» және «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйелерінің жұмысы таныстырылды. Бұл жүйелер кәсіпкерлерге тексерулер мен әкімшілік өндірістерді бақылауға, сондай-ақ құқықтарының бұзылуына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Семинар-кеңес қорытындысы бойынша департамент өкілдері бақылау және қадағалау органдары тарапынан құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтарға жүгіну мүмкіндігі бар екенін еске салды. Мұндай өзара іс-қимыл форматы проблемалық жағдайларға жедел ден қоюға және бизнес пен мемлекет арасында сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Ашық диалог барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ қатысушыларға өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің цифрлық сервистері мен ақпараттық жүйелерінің мүмкіндіктерін белсенді пайдалану ұсынылды.