Қазақстан Республикасы Күзет ұйымдары қауымдастығы төралқасының Қазақстан кәсіпкерлеріне ҮНДЕУІ

25.02.2026
Қазақстан Республикасы Күзет ұйымдары қауымдастығы төралқасының Қазақстан кәсіпкерлеріне  ҮНДЕУІ

Құрметті әріптестер!

 

Еліміздің бизнес-қоғамдастығына жүгінуімізге сіздер өз қызметтеріңізді жүзеге асыруда криминогендік жағдайдың жай-күйін, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері қызметтерін пайдаланатын жеке күзет саласын талдау негіз болды.

Соңғы жылдары Қазақстанда тіркелген құқық бұзушылықтар санының тұрақты төмендеуі байқалады. Ауыр қылмыстардың саны азайды, бұрын қылмыстың жалпы көлемінің едәуір бөлігін құраған ұрлықтардың саны қысқарды. Қылмыстық жағдайдың негізгі көрсеткіштерінің бірі – 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеуде.

Құқық бұзушылықтардың ашылуының өсуін атап өткен жөн. Құқыққа қайшы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету құқық қорғау органдары қызметінің басым бағытына айналды.

Қол жеткізілген нәтижелер бүкіл қоғамның қылмысқа қарсы күрестегі күш-жігерін шоғырландырудың, сондай-ақ құқық қорғау құрылымдарының жұмысын жетілдірілуінің арқасында мүмкін болды. Құқықтық тәртіпті сақтауға экономиканың барлық дерлік секторларының және азаматтардың жеке өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдары да  елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінде елімізде филиалдары мен өкілдіктері бар 4 мыңға жуық жеке күзет ұйымдары жұмыс істейді, оларда 100 мыңға жуық күзетші еңбек етеді. Арнайы құралдармен және байланыс құралдарымен жабдықталған, нысанды киімдегі күзет қызметкерлерінің болуының өзі айтарлықтай профилактикалық әсер береді.

Физикалық күзетпен қатар, объектілердің қауіпсіздігі техникалық күзет және дабыл құралдарымен қамтамасыз етіледі. Нысандардың 82 пайыздан астамы физикалық қорғаумен бірге сенімді қорғаныс жағдайын жасайтын техникалық жүйелерді пайдаланады. Бұл жүйелерді монтаждау және оларға қызмет көрсету жұмыстарын 1000-ға жуық заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.

Сонымен қатар, тіркелген құқық бұзушылықтардың абсолютті көрсеткіштері айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы жылдары кәсіпкерлердің бір бөлігі жеке күзет қызметтерінен бас тартып, оларды егде жастағы вахтерлар мен біліктілігі төмен күзетшілердің арзан қызметтерімен алмастырды немесе өздерінің ішкі қауіпсіздік қызметтерін құрды.

Құрметті әріптестер, мұндай қызметтерге құқық бұзушылықтардың жолын кесу, құқық бұзушыларды ұстау, дене күшін, арнайы құралдарды және қажет болған жағдайда қаруды қолдану бойынша заңды өкілеттіктер берілмегеніне назар аударамыз. Әдетте. олардың қызметкерлері жүйелі кәсіптік даярлықтан өтпейді және уәкілетті мемлекеттік органның бақылауынан тыс қалады. Төтенше жағдайларда заңда көзделген өкілеттіктер мен іс-қимыл регламенттерінің болмауы бизнес иесі үшін заңды және қаржылық тәуекелдерге әкелуі мүмкін.

Жеке күзет ұйымдарының күзетшілерінің олардан айырмашылығы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті құқықтары мен міндеттеріне ие болуы. Олар жүйелі түрде біліктілігін арттырып, қызметтік және дене даярлығынан өтеді. Уәкілетті мемлекеттік орган олардың оқу үрдісіне және кәсіби жарамдылығына тұрақты бақылауды жүзеге асырады.

Табысты жеке күзет ұйымдары қызметінің практикасы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілі болып табылатынын растайды, мұнда физикалық күзет дабыл жүйелерімен, бейнебақылаумен және мобильді топтардың жедел әрекетімен ұштастырылады. Бұл формат заңсыз әрекеттердің ықтималдығын едәуір азайтып, объектідегі жағдайды үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.

Осы үндеу, құрметті әріптестер, сіздерді, әріптестеріңізді, бизнесіңізді, қызметкерлеріңізді, туыстарыңыз бен жақындарыңызды, құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау мақсатында, оның ішінде жеке күзет ұйымдарының мүмкіндіктерін ескере отырып, сенімді әрі уақыт сынынан өткен қауіпсіздік құралдарын белсенді пайдалануға шақыруға бағытталған.

Бизнес пен азаматтардың қауіпсіздігі көбінесе сіздің ұстанымыңыз бен қабылдаған шешімдеріңізге байланысты. Құқық бұзушылықтың салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алу және оған жол бермеу әлдеқайда оңай.

Тіпті бір ғана оқиға – ұрлық немесе қызметкерлердің мүлкіне не денсаулығына зиян келтіру – кәсіби күзет қызметінің құнынан бірнеше есе көп қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Тікелей шығындардан басқа, бизнес беделдік тәуекелдерге ұшырап, серіктестер мен клиенттердің сенімінен айырылуы ықтимал.

Біз өз тарапымыздан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қорғаудың тиімді әрі сенімді жүйесін ұйымдастыруға жәрдем көрсетуге дайынбыз.

 

Үндеу Қазақстан Республикасы

Күзет ұйымдарының қауымдастығы

Төралқасымен қабылданды

19 ақпан 2026ж.